NU базасында Жаңа энергетикалық технологиялар мен материалдар институты құрылады
Жаңа институт Қазақстанның энергетика, алдыңғы қатарлы материалдар және инновациялар салаларындағы ғылыми әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Nazarbayev University (NU) және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғылыми ынтымақтастықты дамыту мен Жаңа энергетикалық технологиялар мен материалдар институтын (ЖЭТМИ) құру туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Меморандумға NU президенті Вакар Ахмад және Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев қол қойды. Жаңа институт NU базасында орналастырылады және Ұлттық ғылым академиясының басқаруымен дамытылады. Ол энергетика мен материалдар ғылымы саласындағы алдыңғы қатарлы жобаларды іске асыру үшін жетекші ғалымдар мен зерттеу топтарын біріктіреді.
ЖЭТМИ энергия трансформациясының негізгі бағыттары бойынша ұлттық құзыреттер орталығына айналады: атом және сутегі энергетикасы, энергия жүйелерін цифрландыру, энергия сақтау технологиялары және 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық мақсаттарына ғылыми қолдау көрсету. Институт сондай-ақ АЭС жобалары мен жаңа энергетикалық бастамалар бойынша тәуелсіз ғылыми сараптама жүргізеді және ITER, EuroFusion және басқа да жаһандық платформалармен ынтымақтастық жөніндегі ұлттық үйлестіруші қызметін атқарады.
NU профессоры, ҚР ҰҒА академигі Жұмабай Бәкеновтың институт ашу бастамасы Қазақстанның тұрақты және қауіпсіз энергетика дамуының стратегиялық басымдықтарымен тығыз байланысты және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес келеді. ЖЭТМИ құру — сонымен қатар Қазақстанда Тұрақты энергетика жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығын қалыптастыру туралы Президенттің 76-БҰҰ Бас Ассамблеясында айтқан бастамасын іске асырудағы нақты қадам болып табылады.
Келісім сондай-ақ бірлескен зерттеу жобалары мен бағдарламаларды дамыту, халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты конференциялар, симпозиумдар мен көрмелер өткізу арқылы ілгерілету және халықаралық зерттеу консорциумдарын құруды қарастырады.
Серіктестік аясында ерекше назар жас ғалымдарды қолдауға — оқу, тәлімгерлік, тағылымдамалардан өту және бірлескен ғылыми және коммерцияландыру жобаларына қатысу мүмкіндіктерін жасауға аударылады.
«Бұл әріптестік қазақстандық жаңа буын жаңашылдарын дамытуға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді», — деді NU президенті Вакар Ахмад. — «Институт энергетика мен материалдар саласындағы зерттеулердің үздік тәжірибелер орталығына айналып, пәнаралық бастамаларды дамытады және елдің тұрақты болашағына елеулі үлес қосуға дайын жас зерттеушілерді дайындайды».
ҚР ҰҒА президенті, академик Ахылбек Құрішбаев NU-пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:
«Ұлттық ғылым академиясы NU-пен күш біріктіріп, ғылым, технология және адами капитал дамуы тоғысатын орта қалыптастыруға қуанышты. Біз бірлесе отырып, Қазақстанның әлемдік ғылыми қауымдастықтағы орнын нығайтамыз».
Жаңа энергетикалық технологиялар мен материалдар институтын құру — Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамытудағы, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудегі және энергетикалық ауысу мен тұрақты өсім салаларындағы ұлттық басымдықтарды қолдаудағы стратегиялық қадам болып табылады.
Анықтама:
ЖЭТМИ-ді NU базасында орналастыру жоғары технологиялық зертханаларды (энергияны түрлендіру және сақтау, сутегі технологиялары, энергия жүйелерін модельдеу және т.б.) дамытуды, пилоттық жобаларды іске қосуды және әртараптандырылған қаржыландыруды (мемлекеттік бағдарламалар, салалық компаниялар, NU, халықаралық гранттар — БҰҰ, ЕО, МАГАТЭ және т.б.) көздейді. Мұндай тәсіл институттың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оны халықаралық консорциумдарға жедел интеграциялауға мүмкіндік береді.







