Назарбаев Университеті (NU) отандық және жаһандық компаниялармен ынтымақтастықты белсенді дамытып және қолдап, NU студенттері мен түлектерін табысты жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасайды. 2023 жылдың 14 желтоқсанында Назарбаев Университетінің Мансап және кәсіптік бағдарлау орталығы (CAC) өткізген кездесуі Stadler Kazakhstan, Wabtec Corporation, Alstom, BI Group, PwC, Deloitte, KPMG Кавказ және Орталық Азия, «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қоры сияқты 26 серіктес жұмыс берушінің HR қызметкерлерін біріктірді. Бұл кездесу Назарбаев Университеті мен оның салалық жұмыс беруші серіктестері арасындағы тығыз ынтымақтастықты білдіреді.
Өзінің құттықтау сөзінде Мансап және кәсіптік бағдарлау орталығының басшысы Ғайни Есембекова студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтудағы университеттік мансап орталықтарының рөлі мен үлесін атап өтті. Оның айтуынша, Орталықтың миссиясы студенттердің мансаптық дамуындағы жетістіктерін ынталандыру және ілгерілету, кәсіби ортаға дайындау, NU студенттерімен және ата-аналармен, түлектермен, жұмыс берушілермен, мектептермен және университет қауымдастығымен берік серіктестік орнатуға бағытталған кешенді мансаптық қызмет көрсету болып табылады. Өз кезегінде бас менеджер Лилия Тілеукенова қазіргі бастамалар мен Мансап және кәсіптік бағдарлау орталығының жұмыс нәтижелеріне тоқталды. Жыл сайын Орталық әртүрлі іс-шараларды, соның ішінде NU түлектерінің кездесуін, мансаптық семинарларды және кәсіби даму бағдарламаларын, әртүрлі салалардағы жетекші компаниялармен жұмыс жәрмеңкелерін өткізеді.
Кездсу барысында студенттік мансаптық даму бағдарламасы аясында NU студенттерінің кәсіби мүмкіндіктерін арттыруға ең белсенді қатысқан жұмыс берушілерге сертификаттар табыс етілді.
«Серіктестік компаниялар 260-тан астам студентке 39 көктемгі және күзгі симуляциялық сұхбат сессиясын өткізді. Студенттеріміз кәсіпорындарға экскурсияға барды және кампустағы ақпараттық сессиялар барысында еңбек нарығындағы, компаниялардағы қазіргі трендтермен, сондай-ақ жұмыс іздеу стратегиялары мен құралдарымен танысуға мүмкіндік алды. Ынтымақтастық аясында 2023 жылы NU-дың 530-дан астам студенті өндірістік тәжірибеден өтті, ал Career Net орталығының мансаптық платформасында жұмыс беруші компаниялар жыл бойы NU студенттері мен түлектері үшін 1500-ден астам бос жұмыс орындары туралы ақпарат жариялады», — деді Ғайни Есембекова.
Кездесу барысында компаниялардың өкілдері викторинаға қатысып NU, оның студенттері мен түлектері, Орталығының жұмысы туралы сұрақтарға жауап берді. Іс-шара жаңалықтар алмасуға және алдағы жылға арналған жоспарларды талқылауға құнды мүмкіндік беретін нетворкингпен аяқталды. Жұмыс берушілердің өкілдері шараның екіжақты байланысты нығайтудағы маңыздылығын атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.







