Nazarbayev University әлемдік деңгейдегі 15 профессорды жұмысқа қабылдайды

Ғылым, инновация және қоғам игілігіне бағытталған зерттеулерді дамыту жөніндегі стратегиялық ұстанымынының негізінде Nazarbayev University (NU) академиялық дәрежесі жоғары 15 профессорды (Full Professor) халықаралық деңгейде іріктеу науқанын бастады.

Ғылыми зерттеулер қарқынды дамып келе жатқан орталық

Университет құрамына қосылатын 15 жаңа ғылыми көшбасшы бүгіннің өзінде жоғары нәтижелер көрсетіп отырған зерттеу экожүйесін одан әрі нығайтпақ. 2026 жылы NU ғалымдары жарияланымдарының 81%-ы әлемдегі ең беделді Q1 санатындағы журналдарда жарық көрді.

Қазақстан мен өңірдің дамуына үлес қосу мақсатында университет академиялық инфрақұрылымды кеңейтуге қомақты инвестиция салып келеді. Алдағы жоспарлардың қатарында жаңа буын зерттеушілерін даярлауға бағытталған Докторантура институтын құру және өңірдегі жетекші Ғылым және технологиялар паркін (Science and Technology Park) дамыту бар. Бұл бастамалар ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуді жеделдетуге және инновациялық экожүйені нығайтуға мүмкіндік береді.

Басым пәнаралық бағыттар

Жаңа профессорлар университеттің стратегиялық басымдықтарына сәйкес келесі үш пәнаралық бағытқа бөлінеді:

  • Инженерлік ғылымдар және технологиялар;
  • Озық ақпараттық технологиялар;
  • Денсаулық сақтау ғылымдары мен медициналық технологиялар.

Аталған ауқымды халықаралық іріктеу науқаны соңғы жыл ішінде университетте жүзеге асқан маңызды кадрлық тағайындаулардың жалғасы болып отыр. Провост профессор Рехан Садиктің жетекшілігімен қалыптасқан жаңа академиялық басқару құрылымына кіретін мамандар:

  • Профессор Хак Нг – вице-президент және Медицина мектебінің деканы;
  • Доктор Гүлмира Қанай – вице-президент;
  • Профессор Бьорн Биргиссон – зерттеулер мен инновациялар жөніндегі вице-провост;
  • Профессор Сэм Смидт – академиялық мәселелер жөніндегі вице-провост;
  • Профессор Риккардо Пелиццо – Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы;
  • Профессор Атакан Варол – Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебінің алғашқы деканы.

Сонымен қатар университет Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі мен Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебіне халықаралық деңгейдегі білікті үміткерлер арасынан жаңа декандарды іріктеу жұмыстарын аяқтау үстінде.

Өтінім беру тәртібі

Халықаралық деңгейдегі үздік мамандарды тарту мақсатында NU әлемдік Odgers рекрутинг компаниясымен серіктестік орнатқан.Вакансиялар туралы толық ақпарат пен өтінім беру тәртібі Odgers компаниясының ресми порталында қолжетімді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53