ISAAC күнделігі: Алексей Майлыбаевпен сұқбат

Nazarbayev University-де өтіп жатқан Халықаралық ISAAC-2025 конгресіне әлемнің түкпір-түкпірінен 700-ден астам қатысушы жиналды.

Олардың қатарында математика саласының жетекші ғалымдары бар. Конгрестің үшінші күні тұрақтылық теориясы, бифуркациялар мен бейсызық жүйелер динамикасы саласына маманданған ғалым Алексей Майлыбаевпен сұқбаттасудың сәті түсті.

Алексей Майлыбаев қазіргі уақытта Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы IMPA — Таза және қолданбалы математика ұлттық институтында жұмыс істейді. Бұл мекеме — Оңтүстік Американың ең беделді математикалық орталықтарының бірі. Белгілі математик Алексей Майлыбаев — қазақ ұлтынан шыққан, Еуропада дүниеге келген, бүгінде Бразилияда тұрады. Оның әкесі Көкшетаудың тумасы.

«Әкем бір кездері Ленинградқа оқуға түсіп, сол жерде анаммен танысқан — анам Вильнюстен. Мен Вильнюсте тудым, бірақ Мәскеу маңында өстім. Әкемнің туыстарының бәрі Қазақстанда қалды», — дейді Алексей Абайұлы.

Қазіргі таңда ғалым математика мен теориялық физиканың түйіскен тұсында жатқан қолданбалы зерттеулермен айналысады. ISAAC-2025 конгресіне қатысу оған «таза» математиканың өкілдерімен еркін пікір алмасуға, жаңа идеялармен танысуға және өз еңбектеріне басқа қырынан қарауға мүмкіндік беретінін айтты.

«Қатысушылардың көбін бұрыннан білемін — түрлі конференцияларда жиі кездесеміз. Мысалы, Мартин Хайрер — былтыр Швейцарияда мен олардың институтында осы тақырып бойынша курс өткізгенмін. Сондай-ақ Сібірден келген таныстарымды кездестірдім — қазіргі уақытта олармен жүздесу оңай емес», — деді ол.

Сұқбат барысында біз математиктен бүгінде қандай бағыттар басты трендке айналғанын сұрадық. Алексей Майлыбаев жасанды интеллекттің ерекше маңызын атап өтті: «Көз алдымызда жасанды интеллект тез қарқынмен дамып келеді. Бұл — алға басуды қажет ететін аса маңызды қолданбалы сала. Көптеген ел осы бағытта АҚШ, Қытай және Ұлыбритания сияқты көшбасшылардан едәуір артта қалып отыр», — деді ол.

Ол сондай-ақ қазақстандық математикалық мектепке қатысты пікірімен де бөлісті: «Кеңес дәуірінен бері Қазақстанда әрдайым мықты ғалымдар болғанын білемін. Қазіргі ғылым өкілдерін алыста тұрғандықтан, көп біле бермеймін. Алайда қазір көріп отырмын: мұнда өте қабілетті жас ғалымдар өсіп келеді. Олармен және олардың жұмыс істеп жатқан ортасымен танысу — қуанышты жағдай», — деді Майлыбаев.

Сондай-ақ Алексей Майлыбаевқа Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың медалі табысталды. Марапатты Академияның вице-президенті Асқар Жұмаділдаев салтанатты түрде тапсырды.

«Қазақстан — халқы аз мемлекет, сондықтан халықаралық деңгейде танылған азаматтарымыз біз үшін аса қымбат. Алексей Бразилияда тұрақты ғылыми қызмет атқарып жүрген көрнекті ғалым. Біз оны бүгін осы жерде көріп отырғанымызға қуаныштымыз және бұл медальмен ризашылығымызды білдіргіміз келеді», — деді Асқар Жұмаділдаев.

Еске сала кетейік, конгрестің алғашқы күні Алексей Майлыбаев «Spontaneous Stochasticity» тақырыбында пленарлық баяндама жасаған болатын.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53