ISAAC 2025 конференциясындағы Мартин Хайрер: Жасанды интеллект жаңа идеяларды тудырмайды

ISAAC 2025 конференциясындағы Мартин Хайрер: Жасанды интеллект жаңа идеяларды тудырмайды

NU ұйымдастыруымен және университеттің 15 жылдығына орай өткізілген 15-ші Халықаралық ISAAC конгресінің маңызды қонақтарының бірі Мартин Хайрер болды — австриялық-британдық математик, Филдс медалінің иегері және Швейцариядағы EPFL профессоры.

Хайрер стохастикалық дербес туынды теңдеулер саласындағы еңбектерімен танымал — бұл математика саласы кездейсоқтықтың күрделі жүйелерге қалай әсер ететінін сипаттайды. Оның зерттеулері турбулентті ауа, бетімен таралған су тамшылары немесе кофедегі сүттің иірімдері сияқты күтпеген құбылыстарды түсіндіруге көмектеседі — бұл күнделікті өмірдегі кездейсоқтықтың ең кең таралған әрі көрнекі мысалдарының бірі. Кездейсоқтық шамадан тыс күшейіп, жүйелер бақылаудан шыққанда, классикалық әдістер жұмысын тоқтатады. Хайрер мұндай хаос жағдайын түсіндіруге көмектесетін жаңа құралдар ойлап тапты және осы жетістігі үшін 2014 жылы Филдс медаліне ие болды. Сұхбат барысында ол жасанды интеллект, логика және математикалық ойлау жөніндегі көзқарастарымен бөлісті.

Неге жасанды интеллект жаңа идеялар тудырмайды?

Өйткені жасанды интеллект негізінен білім жасамайды. Ол ақпаратты интернеттен алады. Оның жұмыс тәсілі — бар мәліметтер негізінде ең ықтимал жауапты табу. Бірақ ол жаңа идеяларды тудырмайды. Ол кейде «ойдан шығарады», себебі ықтималдыққа ұмтылады. Мысалы, белгілі бір мәселе бойынша кім жұмыс істегенін сұрасаңыз, ол дереккөздер тізімін береді, оның ішінде шындыққа сай келмейтіндері де болуы мүмкін, бірақ бәрі ықтимал көрінеді.

Мен бұл тақырыпты өз курсымда қарастырмаймын. Егер студенттер жасанды интеллектті пайдаланғысы келсе, қарсы емеспін. Ал ауызша емтихандарда олар оны пайдалана алмайды -сол кезде олар маған өздері түсіндіріп, талқылауы керек.

Өмірде математикалық түсініктен тыс нәрселер бар ма?

Өмірдегі көптеген нәрселер математикалық сипаттауға жатпайды. Математикада бір нәрсені түсіну қиын емес — ең қиын, кейде белгісіз нәрсе — математикалық сұрақты дұрыс қойып, оны есепке айналдыру.

Нақты сұрақты математикалық есепке айналдыру үшін оны өте дәл айту керек. Ал күнделікті қолданатын сөздер мен ұғымдардың көбі нақты емес. Кейбір жағдайларда бір бөлігі ұғымға сай келеді, ал басқа бөлігі сәйкес келмейді, жиі сұр аймақ бар. Сондықтан өмірдің көптеген жақтары математикалық талдауға жарамайды.

Барлық нәрсенің артында құрылым бар ма?

Жоқ, міндетті емес. Мысалы, адамның қарым-қатынастары математикалық модельдеуге қиын. Халықтың мінез-құлқын модельдеуге болады, бірақ жеке адамның мінезін емес. Біреуіңіз біреуге ғашық боласыз ба, соны математикалық теңдеу айта алмайды. Ал жүздеген, мыңдаған адам болса, олардың қалай әрекет ететінін болжауға болады.

Математикадағы «жұмсақ» дағдылар (soft skills) қаншалықты маңызды?

Математиканы түсіну — бұл қуаныш. Бірақ оны түсіндірмесең, мәні неде? Математиканың маңызды бөлігі — адамдармен сөйлесу, идеяны түсіндіру және олардың түсінгенін анықтау.

Сіздің жұмысыңыз кездейсоқтықтың күнделікті өмірдегі көріністеріне арналған. Математикада кездейсоқтық деген не және неге ол маңызды?

Нақты әрекет. Егер мен осы кофеге сүт құйсам және оның қалай араласқанын көрсеңіз — бұл кездейсоқтық. Ауада көптеген кішкентай оттегі мен азот молекулалары бар, олар бильярд шарлары сияқты секіріп, хаотикалық қозғалады. Ауаның қалай қозғалғанын түсіну үшін осы бөлшектердің қозғалысын кездейсоқ түрде сипаттап, соңында желдің және қозғалыстың толық бейнесін беру керек.

Жасанды интеллект ғасырдың ғылыми мәселелерін шешеді ме?

Көрейік. Мен оған қатты сенбеймін. Жасанды интеллект үлкен жетістіктерге жетті — мысалы, AlphaFold жобасы (Редакциялық ескерту: ақуыз құрылымын болжауға арналған ИИ, 2023 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығын алған). Бұл өте пайдалы, керемет жұмыс, бірақ ол шынайы түсінік бермейді. Математикада біз дәл сол түсінікке ұмтыламыз.

Мысалы, өздігінен жүретін машиналар туралы алайық. Tesla он жыл бойы толық автономды көліктер келесі жылы шығады деп айтып келеді. Машиналары жақсы жұмыс істейді, бірақ толық автономды емес. Мәселе мынада: олардың қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейсіз. Қателік болса, адам өлімі мен апатқа әкеледі. Жүйе 99,99% жұмыс істейді, бірақ неге екенін білмейміз. Өміріңді сенбей, қалай жұмыс істейтінін білмейтін жүйеге тапсыру — математиктерге ұнамайды. Біз түсінгіміз келеді.

Барлық жетекшілері математик болатын елде өмір сүргіңіз келе ме?

Жалпы алғанда, математиктер әділ болады. Математикада интеллектуалдық адалдық пен қателікті мойындау дәстүрі бар. Дәлел не дұрыс, не қате. Қате болса, оны басқалар айтады. Біз қателіктерді қабылдап, басқалардың дәлелдерін мұқият бағалаймыз. Бұл пайдалы қасиет. Ал саясаткер болу үшін математикадан басқа да қабілеттер қажет — сөйлей білу, адамдарды шабыттандыру және т.б. Кейбіреулер екі жақты да игереді, бірақ көбіне математика басты емес.

Сандарды түсіну маңызды. Үлкен математик болу міндетті емес, бірақ саясаткерлерге статистикадан бастапқы білім керек. Кейде статистика қарама-қайшы болып көрінеді, сондықтан оны түсіну керек. Кейбір саясатшылардың сандарды жақсы түсінгені дұрыс болар еді.

Бұл сұхбат үшін рахмет.

ISAAC халықаралық конгресі алғаш рет Орталық Азияда өтіп жатыр. Бұл — математика әлеміндегі ең ірі оқиғалардың бірі. Қазақстанға 70 елден 700-ден астам жетекші ғалым келді.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53