Назарбаев Университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебі әзірлеген «Academic Leadership Institute» бағдарламасы басталды.
Оқыту барысында жоғары оқу орындарының басшылығы – ректорлар, проректорлар, декандар мен кафедра директорлары білімдерін жаңартып, бүгінгі күрделі де серпінді жағдайда ЖОО-ны тиімді басқаруға қажетті жаңа дағдылар мен инновациялық технологияларды меңгереді.
Оқу бағдарламасын іске қосу рәсіміне министр Саясат Нұрбек және Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу қатысты.
«Academic Leadership Institute» бағдарламасы жаңа білім көзі ғана емес, сонымен қатар жоғары білім беруде басқарушылық инновацияларды тарату үшін кәсіпқойлардың нетворкингіне, мәселелерді талқылау және өзара әрекеттесуге арналған тамаша алаң болады», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, министр өз сөзінде семинарға қатысушыларға жоғары білім беру жүйесінің халықаралық тенденциялары туралы, оған қазақстандық білім беру жүйесінің қосатын үлесі жайлы айтты. Атап айтқанда, ведомство басшысы министрлікті дамытудың сегіз негізгі бағытына тоқталды. Олардың ішінде: корпоративтік басқару жүйесін жаңарту; университеттердегі бизнес-процестерді талдау және «кайдзен» әдістемесін қолдану; сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрам мен әкімшілік-басқару қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңмен көтеру.
Назарбаев Университетінің президенті «Academic Leadership Institute» бағдарламасының қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде Тұрақты даму мақсаттары мен жоғары білім философиясының тығыз байланысы туралы айтты. Шигео Катсу шығындардың өсуі мен бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуіне байланысты орташа кірісі бар елдер қысқа мерзімде жоғары кірісті экономикаға өте алмайтын «орта табыс тұзағы» туралы сөз қозғады.
«Қалыптасып келе жатқан орта тап, білімнің дамуы, ғылым мен зерттеулердің және технологияның дамуы – елдердің «төбені» еңсеріп, секіріс жасауы үшін маңызды факторлар. Сондықтан университеттер мен жалпы сапалы жоғары білім бұл мәселелерде шешуші рөл атқаруы керек», — деді Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу.
«Academic Leadership Institute» бағдарламасы 9 модульден тұрады, олардың әрқайсысы университеттегі белгілі бір трансформация процестерін қамтиды. Олар: университеттердің құндылық бағдарларына және олардың қоғам үшін маңыздылығы, көшбасшылық, университет құрылымын қайта қарауға, студенттік мәселелерді шешуге және академиялық бағдарламалардың сапасын қамтамасыз ету және т.б.
Бағдарлама 2023 жылғы сәуір-қазан айлары аралығында өтеді. Оқу барысында министрлік өкілдерінің, Парламент депутаттарының, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы ұлттық және халықаралық сарапшылардың дәрістері тыңдалады.







