Оның командасы жасуша дақылдарын өсіру үшін микрофлюидті құрылғыларды әзірлеуде.Олар зертханада бауыр жасушаларының ортасын имитациялау үшін чиптің алғашқы прототипін жасай алды.Ғалым сонымен қатар «чиптегі өкпе» құрылғысы арқылы органды өсіру туралы зерттеуі туралы айтып берді.
Біліміңіз бен кәсіби қызметіңіз туралы айтып беріңізші.
Менің білімім инженерлік саламен байланысты. Мен АҚШ-тың Иллинойс мемлекеттік университетінде инженерлік физика бойынша бакалавр дәрежесін және электротехника және есептеу техникасы бойынша магистр дәрежесін алдым. Содан кейін мен Лондон университетінің колледжіне PhD-ға түстім және биомедицинада қолданумен микрофлюидика саласында зерттеулер жүргіздім. Бакалавриат студенті болып, ғылыми зерттеулермен айналыса отырып, мен әрқашан биомедициналық мәселелерді шешу үшін инженерлік дағдыларды қолдануға қызығушылық таныттым. Сондықтан мен кәсіби қызметімде әрқашан биомедицинамен байланысты зерттеулермен айналыстым.
Сіз қазір немен айналысып жатырсыз?
Менің ғылыми жобам инженерлік, биомедициналық және жаратылыстану ғылымдары сияқты, бірнеше салалардың тоғысқан жерінде. Қазіргі уақытта мен Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Назарбаев Университеті қаржыландыратын микрофлюидтік құрылғыларды әзірлеу бойынша екі жобаны жүргізіп жатырмын. Микрофлюидтік құрылғылар – бұл микроарналары бар биоүйлесімді материал платформалары.
Олар диагностика, фармацевтика өнеркәсібі, сенсорика, биоэлектроника және т.б. сияқты әртүрлі салаларда кеңінен қолданылады. Менің негізгі міндетім – зертханалық жағдайда адам ағзасының ортасын дәл анықтау үшін жасуша дақылдарын өсіруде пайдалануға болатын микрофлюидтік құрылғыларды әзірлеу. Бұл чиптердегі микроарналар жасушаларды динамикалық жағдайда өсіруге мүмкіндік береді, ол адам ағзасындағы нақты ортаны жақсырақ көрсетеді. Осылайша, бұл платформалар дәрілік қосылыстардың уыттылығын жақсырақ болжай алады және шығындарды, қажетті уақытты және тестілеу үдерісінде пайдаланылатын жануарлардың ықтимал санын үнемдеп, оларды дәрі-дәрмектерді әзірлеу үдерісінен шығарады.
Зерттеудегі негізгі нәтижелеріңіз қандай?
Зертханада жұмыс істеген бір жарым жыл ішінде менің командам зертханалық жағдайда бауыр жасушаларының ортасын көрсету үшін микрофлюидті құрылғының прототипін жасады. Құрылғы микроарналардан тұрады және жылдам прототиптеу технологиясымен жасалған биоүйлесімді полимерден жасалған. «Чиптегі бауыр» деп аталатын құрылғыға бауыр жасушалары себілді және біз 24 сағаттан астам үздіксіз ағын жағдайында құрылғыда жасушаларды өсіре алдық. Нәтижелер бауыр жасушаларының әдеттегі платформаларда өсірілген жасушаларға қарағанда бірдей немесе жақсы қарқынмен өскенін көрсетті. Бұл зерттеудің негізгі нәтижелері ықпалы елеулі ғылыми журналдарда жарияланды. Қазіргі уақытта біз осы микрофлюидті құрылғының оңтайландырылған нұсқасында кейбір дәрілік қосылыстарды жақсарту және бағалау бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Зерттеудің тағы бір негізгі бағыты және біздің негізгі нәтижелеріміз «чиптегі өкпе» құрылғысының көмегімен зертханада адам өкпесінің ортасын көрсету үшін микрофлюидтік құрылғы әзірлеуді қолдайтын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты шеңберінде алынды. Бұл жобада менің командам адамның өкпесінде болатын альвеола-капиллярлық тосқауыл мембранасын көрсету үшін қолданылатын жаңа мембрананы жасай алды. Бұл мембрана біздің тыныс алу жүйеміздегі оттегі мен газ алмасуында шешуші рөл атқарады. Сондықтан біздің микрофлюидтік құрылғыларымызбен осы мембрананың ортасын қайта құру адам жұтатын улы қосылыстарды, аэрозольдерді және ингаляциялық дәрілік қосылыстарды сынауға мүмкіндік береді.
Неліктен сіз НУ-да жұмыс істегіңіз келді?
Менің НУ-дағы кәсіби қызметім магистратураны бітіргеннен кейін басталды және бұл Университетке білім жолында маған берген көптеген мүмкіндіктері үшін өте ризамын. Мен бірнеше себептерге байланысты НУ-ды таңдап, онда қалуды шештім. Мен университетке магистратураны бітіргеннен кейін оқытушының ассистенті ретінде алғаш келгенімде, НУ маған қажетті оқу дағдыларын үйренуге және сонымен бірге зерттеу дағдыларымды дамытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, PhD-дан кейін мен постдокторант ретінде оралуға бел будым, өйткені менде зерттеулерімді дамытуға және бастапқы қаржыландыруға мүмкіндік болды. Ппостдокторанттар үшін мұндай мүмкіндіктер әлем бойынша аз екені ескерерлік жайт. Сондықтан мен үшін бұл біржақты «иә» деген жауар болды. Кейінірек, Университеттің тұрақты қолдауымен, менің ұсыныстарым мен гранттарға өтінімдерім сәтті болып, мен өз тобымды құрып, зерттеулерімді одан әрі дамыта алдым.
Болашаққа деген жоспарларыңыз қандай?
Маған зерттеуімнің саласы және Университеттегі әріптестеріммен және студенттермен жұмыс істеу ұнайды. Сондықтан менің бүгінгі жоспарым – білім беру, оқу және тәлімгерлік арқылы қоғамның дамуына өз үлесімді қосу.








