Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы жалған ақпарат туралы ашық дәріс оқыды

Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы, мәртебелі доктор Ален Берсе Nazarbayev University (NU) жанында жалған ақпарат тақырыбына арналған ашық дәріс оқыды.

Қазақстанға ресми сапары аясында Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы, мәртебелі доктор Ален Берсе Nazarbayev University (NU) жанында заманауи сын-қатерлердің бірі — цифрлық дәуірдегі жалған ақпарат тақырыбына арналған ашық дәріс оқыды.

Дәріс барысында доктор Берсе жалған және адастыратын ақпараттың таралуы Еуропада да, әлем бойынша да демократиялық құндылықтарды, институттарды және қоғамдық сенімді қалай әлсірететінін атап өтті. Сондай-ақ ол дезинформациямен күресте білім беру мен сапалы журналистиканың маңызды рөлін атап өтіп, сөз бостандығы қағидаттарын сақтау қажеттілігін баса айтты.

Доктор Берсе аудиторияға мынадай өзекті сұрақтар қойып, цифрлық кеңістіктегі жауапкершілік шектерін қайта қарау қажеттігін атап өтті:

«Біз қандай демократияны қалаймыз? Жалған ақпаратқа көз жұма қарай аламыз ба? Платформаларды реттеуге, олардың бизнес-модельдеріне қарсы тұруға және қоғамға ортақ кеңістікті қорғауға шамамыз жете ме — бұл оңай болмаса да? Себебі демократия дегеніміз — жайлы болу емес».

«Жалған ақпарат — Еуропалық демократияға төнген қатер» атты дәріс NU-дің Distinguished Speaker Series бағдарламасы аясында өтті. Бұл бағдарлама арқылы әлемдік деңгейдегі көшбасшылар мен сарапшылар студенттермен, зерттеушілермен және кең аудиториямен өз білімдерімен бөліседі. Қонақты NU президенті, профессор Вакар Ахмад қарсы алып, іс-шара модераторы болып Академиялық істер жөніндегі вице-провост доктор Лоретта О’Доннелл сөз сөйледі.

Дәрістен кейін доктор Берсе университеттің Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырып, өз ойларымен бөлісті. Шараға студенттер, БАҚ өкілдері және университет қызметкерлері қатысты.

Академиялық және халықаралық диалогты дамыту миссиясына сәйкес, NU үнемі жоғары мәртебелі мемлекеттік және халықаралық қайраткерлерді — мемлекет басшыларын, үкімет жетекшілерін және халықаралық ұйымдардың өкілдерін қабылдайды. 2010 жылы құрылғаннан бері университет 50-ден астам беделді меймандарды қарсы алды. Олардың қатарында Си Цзиньпин, князь Альбер II, Дэвид Кэмерон, Синдзо Абэ, Кристин Лагард, Нарендра Моди, Кэтрин Эштон, Жозе Мануэль Баррозу және Сума Чакрабарти бар.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53