Білімді бағалаудың болашағы: NU алаңындағы диалог
Білімді бағалаудың болашағы: NU алаңындағы диалог«Білімдегі білімді бағалаудың өзекті мәселелері: заманауи әдістер мен интеллектуалды шешімдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда білімді бағалау саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері – АҚШ-тың Educational Testing Service (ETS) және Ұлыбританияның AQA ұйымдары, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Тәжікстан елдерінің емтихан орталықтары жиналды.
Конференция қатысушылары білімді бағалаудың заманауи тәсілдерін, тестілеу жүйелерінде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін және Қазақстанда тестологияның ұлттық мектебін қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Конференцияны ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білімді бағалау білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі болып келе жатқанын және ол жаңа тәсілдер мен кәсіби құзыреттерді талап ететінін атап өтті.
«Жалпы, бағалау – үлкен әрі күрделі міндет. Бізге жаңа сын-қатерлерге жауап беру, өз тәсілдерімізді қалыптастыру қажет. Қазір біз тестологтарды даярлауды жолға қойып жатырмыз. Мақсатымыз – өз тестология мектебімізді қалыптастыру, оны нығайту, ғылыми негізін құру. Осы бағытта қаржылай қолдау мен гранттық бағдарламаларды әзірлеудеміз», – деді министр Нұрбек.
Министрдің айтуынша, еліміздің бірнеше университеті бағалау технологиялары бойынша мамандарды даярлау алаңына айналмақ. Бұл саладағы ұлттық сараптаманы дамыту тек білім беру жүйесі үшін ғана емес, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың тиімділігін бағалау үшін де маңызды.
Сонымен қатар, Саясат Нұрбек Қазақстан халқының өсуі жаңа мүмкіндіктермен қатар, қосымша міндеттер жүктейтінін айтты. 2030 жылға қарай елдегі студенттер саны бір миллионға жуықтауы мүмкін, бұл өз кезегінде білім беру инфрақұрылымын және сапаны қамтамасыз ету жүйесін нығайтуды талап етеді.
Конференция деректерді талдау, цифрлық бағалау құралдары және білім беру үдерісінің ашықтығы мен объективтілігін арттырудағы технологиялардың рөліне арналған тақырыптық сессиялармен жалғасты.
NU профессорлары да талқылауға өз үлестерін қосты. Ассоциирленген профессор Анас Хаджар жеке репетиторлықтың емтиханға дайындық пен білімге қолжетімділікке әсері туралы зерттеу нәтижелерін ұсынды, ал ассистент-профессор Қанат Байкенов жоғары білімге қолжетімділікке әлеуметтік-экономикалық және демографиялық факторлардың ықпалы жөнінде баяндама жасады.









