Nazarbayev University ғылыми зерттеулер мен нақты өмір арасындағы алшақтықты жойып, білімді іске асыратын ортаны қалыптастырып келеді. Arlan Biotech, A.GEAR және Mirai Tech — осы жолдың үш нақты дәлелі. Әр жобаның медицинада өз шешер түйіні бар. Олардың жүріп өткен жолы – академиялық қабырғадағы күрделі зерттеулердің әлемдік нарықта бәсекелесе алатын, адам өміріне араша түсетін озық технологияға айналуының нағыз үлгісі.
Arlan Biotech: Жасанды интеллект дәрі жасау уақытын айлардан бірнеше минутқа қалай қысқартты?
Диагностикалық тест-жүйелер мен дәрі-дәрмектердің негізі саналатын бір ғана наноденені (ақуыз молекуласын) әзірлеу үшін ғалымдар төрт айдан алты айға дейін уақыт жұмсайды. Бұл үшін арнайы инфрақұрылым (таза бөлмелер), үлкен команда және миллиондаған доллар бюджет қажет. Осыншама ресурстар жұмсалса да, ең соңында сәтті молекула шығатынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Ал Arlan Biotech дәл осы процесті бірнеше минут ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Стартаптың негізін NU түлектері — биолог Болат Сұлтанқұлов пен инженер Дәукен Сейітқали қалаған. Олар жасаған физика заңдылықтарын ескеретін (physics-aware) генеративті ML-модель нақты ақуыз-нысаналарға қарсы бағытталған нанодене тізбектерін De Novo (нөлден бастап) құрастырады. Бұл технология онкология, аутоиммундық аурулар және басқа да күрделі дерттерді емдеуде қолданылады.
Бүгінде Arlan Biotech — $610 000 көлемінде инвестиция тартқан, төрт адамнан тұратын өршіл deep-tech команда. Жоба Google for Startups, Дубайдағы MBRF және Стэнфорд университеті жанындағы StartX сияқты әлемдегі ең беделді акселераторлардан өткен.
Команда жай ғана алгоритмді сатып қоймай, нарықтағы ойын ережесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Серверлерді іске қосу үшін AWS грантын ұтып алған Arlan Biotech ғылыми зертханалар мен шағын биотех-компанияларға арналған ыңғайлы чат-бот форматындағы өнім жасауда. Стартап гибридті бизнес-модельді қолданады: антиденелерді генерациялау қызметі қолжетімді бағамен (мысалы, модельді бірнеше рет қолдану үшін $50 000) ұсынылады, бірақ оның есесіне компания зияткерлік меншіктен үлес (IP-share) алады. Егер олар жасап шығарған молекула болашақта табысты дәрінің негізіне айналса, стартап сол табысқа да ортақтасады.
АҚШ заңнамасындағы соңғы өзгерістер Arlan Biotech-тің дамуына үлкен серпін берді. 2025 жылдың соңынан бастап FDA реттеушісі антиденелерді жануарларға міндетті түрде сынау талабын толығымен алып тастап, оның орнына органоидтарды қолдануға рұқсат берді. Бұл жаңа препараттарды нарыққа шығару процесін айтарлықтай арзандатып, жылдамдатады. Тиісінше, Arlan Biotech платформасы жаһандық фармацевтика нарығында таптырмас құралға айналып отыр.
A.GEAR: Қазақстанда туған реабилитациялық экзоскелет
2021 жылдың соңында NU Медициналық робототехника орталығының командасы инсульт алған және тірек-қимыл аппараты зақымданған науқастарға арналған экзоқаңқа (экзоскелет) жасауға кірісті. Арада төрт жыл өткенде, бұл құрылғы Қазақстанда толық мемлекеттік тіркеуден өтті.
Салыстырып көрсек, осындай жолды әлемдік тәжірибеде он бестен жиырма жылда жүріп өтеді.
Жоба жетекшісі, NU профессоры Прашант Джамвал: «Біз зертханадан шыққан идеяны небәрі төрт жыл ішінде ресми медициналық өнім деңгейіне жеткізе алдық», – дейді.
A.GEAR шетелдік баламаларына қарағанда бірнеше есе арзан. Құрылғы Астана мен Қарағандының медициналық орталықтарында клиникалық сынақтан өтті. Оған инсульт алған науқастар мен балалардың церебральды сал ауруына шалдыққан жасөспірімдер қатысты. Техникалық және клиникалық сараптамадан сәтті өткен өнімге қазірдің өзінде оңалту орталықтары қызығушылық танытып отыр.
Жобаның тағы бір жетістігі — өндірісті жергіліктендіру. A.GEAR өте күрделі медициналық құрылғы болғанына қарамастан, оның бөлшектерінің шамамен 90%-ы Қазақстанда жасалады. Бұл елімізде жоғары технологиялық медициналық аппараттар жасауға қажетті ресурстар мен білікті мамандардың жеткілікті екенін дәлелдейді.
2026 жылы NU Технопаркінде алғашқы бес экзоқаңқаны өндіру жұмыстары басталады. Сонымен қатар, компания «Отандық тауар өндіруші» мәртебесін алу үшін тіркеуден өтіп жатыр. Бұл құжат елдегі мемлекеттік ауруханалар мен оңалту орталықтарына тікелей өнім жеткізуге жол ашады.
Қазір команда материалдары жақсартылған және қызмет аясы кеңейтілген келесі модельді дайындау үстінде. Тағы бір маңызды жайт: әр құрылғыға жасанды интеллектіні (ЖИ) жергілікті деңгейде іске қоса алатын қуатты микроконтроллер орнатылады. Яғни, жасанды интеллект бұған дейін шыққан модельдерді қоса алғанда, барлық құрылғылардың бойынан табылмақ.
Mirai Tech: Екі минут ішінде 20 000 дерек нүктесі
Бәрі қозғалыстан электр қуатын өндіретін материалдарды зерттеуден басталған. Ғалымдар сенсорлардың адамның жүрісіне қарай түрліше әсер ететінін байқады. Осы кішкентай байқаудан бүгінде Еуропаның кәсіби футбол клубтарымен жұмыс істейтін үлкен стартап өсіп шықты.
NU ассистент профессорі Гүлнур Калимулдина негізін қалаған Mirai Tech нанотехнологиялық сенсорларды аяқ киім ұлтарағына орнатады. Ол спортшының әрбір қозғалысын: табанның қалай қойылатынын, салмақтың қалай бөлінетінін, жүгіру немесе секіру кезіндегі күштің қалай өзгеретінін дәлдікпен тіркейді. Жүйе небәрі екі минут ішінде 20 000-нан астам дерек жинап, қозғалыстың цифрлық профилін жасайды.
Жоба авторлары бір маңызды жайтты ескертеді: технология «жарақаттың болатынын болжамайды», ол тек қауіп-қатер индикаторларын анықтайды. Яғни, асимметрия белгілерін, шамадан тыс күш түсуді немесе қозғалыс үлгісіндегі өзгерістерді көрсетеді. Бұл мәліметтер жаттықтырушылар штабына нақты уақыт режимінде жіберіледі. Ал жаттығу соңында толық аналитика жасалады – осылайша мамандар жүктемені реттеп немесе нақты бір ойыншыға дер кезінде назар аудара алады.
Италия мен Нидерландтың футбол клубтарымен өткен пилоттық жобалар мынаны көрсетті: Еуропа нарығында жиналатын мәліметтер өте көп, бірақ оны іс жүзінде талдап, түсіндіретін құралдар тапшы. Mirai Tech дәл осы олқылықтың орнын толтырып отыр. Стэнфордтағы StartX акселераторынан өтіп, Сан-Францискодағы TechCrunch Disrupt көрмесінде өнімін таныстырған команда Кремний алқабынан түйген басты ойымен бөлісті: «Ол жақта адамдар «мұның технологиялық жағынан қаншалықты күрделі» екенін емес, бірден «бұл қандай мәселені шешеді және тұтынушы не үшін ақша төлеуге дайын?» деген сұраққа көшеді».
Қазіргі уақытта Mirai Tech B2B сегментінде тек кәсіби клубтармен жұмыс істейді. Алайда технологияның әлеуеті бұдан әлдеқайда зор: болашақта бұл «ақылды» ұлтарақтар жаттығуын сауатты жасап, денеге артық күш түсірмеуді ойлайтын кез келген әуесқой спортшыға қолжетімді болуы мүмкін.
Бұл үш стартап та университет зертханаларынан бастап, NU-дың инкубациялық және акселерациялық бағдарламалары арқылы халықаралық нарыққа дейінгі үлкен жолдан өтті. Олардың тарихы – қазақстандық ғылымның ішінен бүкіл әлем көз тігетін бірегей өнімдердің қалай дүниеге келетінінің жарқын дәлелі.













