20 қыркүйекте Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебі (NU GSE) жүзеге асырған «Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар мен жасанды интеллект іс жүзінде» бағдарламасының ресми жабылу рәсімі өтті.
Бағдарламаға облыстық, қалалық және аудандық білім басқармаларының басшылары, сондай-ақ мектеп пен колледж директорлары қатарынан 100-ге жуық жетекші қатысты.
Бағдарлама ақпаннан қыркүйекке дейін жалғасып, оның ішінде халықаралық модуль де болды. «Мұғалім мен жасанды интеллекттің сабақтастығы: кәсіби әрі инновациялық білім беру ортасын қалыптастыру» атты бұл модуль Шанхай педагогикалық университеті және ЮНЕСКО-ның мұғалімдерді даярлау орталығымен бірлесіп Шанхайда ұйымдастырылды.
Қорытынды күні қатысушылар өз жобаларын қысқаша таныстырып, қорғап шықты. NU GSE-дің және серіктес ұйымдардың сарапшылары оларды шешімдердің өзектілігі мен дәлелділігіне, жүзеге асыру және кеңейту мүмкіндіктеріне, нәтижесіне, жасанды интеллектті жауапты қолдануына және жобаны енгізудің нақты жол картасына қарап бағалады.
Жобалар қорғалғаннан кейін NU президенті Вакар Ахмад, ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және шақырылған қонақтар түлектерге сертификат табыстады. Ал серіктестерге, менторларға және еріктілерге арнайы алғыс хат берілді.
Бағдарламаның авторы – NU вице-провосты, Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева – «Білім берудегі көшбасшылық туралы бес аңызды» ұсынды:
1-аңыз. Мақсат пен құндылықтарды басшы өзі белгілейді. Шындығында, шынайы көшбасшы бұрыннан келе жатқан ұжымның миссиясын, мәдениеті мен дәстүрін түсініп, оны дамытуға көмектеседі.
2-аңыз. Жаңа басшы жүйені түбегейлі өзгертуге тиіс. Іс жүзінде тұрақты өзгерістер күнделікті бірізді әрекеттерден басталады, «ескіні сындырып» тастау арқылы емес.
3-аңыз. Көшбасшылық тек харизмаға негізделеді. Харизма назар аудартуы мүмкін, бірақ стратегия, сенім және командалық жұмыспен ұштаспаса, ол ұзаққа бармайды.
4-аңыз. Басшы мен ұжым арасында арақашықтық болуы керек. Зерттеулер көрсеткендей, арақашықтық – жатсынуға, ал сенім мен ашық диалог – ықпалдың артуына әкеледі.
5-аңыз. Көшбасшылықтың әмбебап стилі бар. Нақты жағдайда табыс – басшының икемділігі мен жағдайға бейімделу қабілетіне байланысты.
NU GSE түлектерді әрі қарай да қолдап, жобаларды жүзеге асыруда әдістемелік көмек көрсетуді, тәлімгерлік жүйесін дамытуды, өзара іссапарлар мен тағылымдамалар ұйымдастыруды және желілік семинарлар өткізуді жалғастырады.







