NU-да Наурызды тойлау ерекше Tamyr Bazaar көрмесімен басталды. Оны оқу орнының Кәсіпкерлікті зерттеу орталығы (NURCE) ұйымдастырып отыр.
Орталық, өз кезегінде, креативті индустрияға қолдау көрсетіп, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.
Көрмеде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шеберлер өздерінің жұмыстарын ұсынды. Экспонаттар қатарында суреттер, қой жүнінен жасалған қамзолдар, шапандар мен орамалдар, тақия, ет тамаққа арналған ыдыс-аяқ, ағаштан жасалған пазлдар, сондай-ақ сирек тастардан жасалған ерекше ұлттық әшекей-бұйымдар мен сувенир-магниттер болды. Бұл, шын мәнінде, еліміздің мәдени мұрасын жинаған бірегей шараға айналды.
Көрмені көруге келген қонақтарды аса қызықтырған стенд Arlan Design болды. Бұл – Қостанайдан келген төрт ағайындының ортақ ісі. Мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, талантты бауырлар ерекше технология бойынша сурет салумен айналысады. Әлемде олардың технологиясының баламасы жоқ. Сондай-ақ олар жүнді қалыпқа тізу арқылы сөмке, кілем және басқа да бұйымдар әзірлейді. Осы бизнестің басындағы Арлан Аңқауовтың айтуынша, олар тек қана ұлттық сәлт-дәстүрімізді қолдап қана қоймай, сондай-ақ денсаулығында ақаулығы бар адамдарға түрлі мүмкіндіктер ашады: «NU-да түрлі ұлт өкілдері қызмет етеді. Осындай этникалық базар өзге ұлт өкілдеріне біздің ерекше мәдениетімізбен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Олар көрген заттарына тамсанып, ұлттық айдентикасы бар нәрселерді сатып алуда. Мұндай шаралар қолөнер саласындағы шағын бизнеске әрі қарай дамып, ақша тауып, кеңейіп, өркендеп, сондай-ақ көрген-білгенін басқаларға үйретуіне жол ашады».
Қостанайда Arlan Design-ның арнайы студиясы бар, олар балаларды қолөнерге тегін үйретеді. Болашақта олар Астанада да осындай студиялар ашып, ісін кеңейтуді ойлап отыр. Мұндай бастамалар кішкентай балаларда ерте жастан бастап моториканы дамытып, олардың ұлттық мәдениетпен байланысын тереңдете түспек.
Көрменің бірінші күні NU президенті профессор Вакар Ахмад ұсынылған жұмыстармен танысып, өзінің немерелеріне ағаштан жасалған пазл сатып алды.
Tamyr Bazaar көптеген қонақты қарсы алып, өнер, мәдениет пен жергілікті шеберлердің еңбегін бағалайтын адамдардың басын қосты.







