Қазақстан 2029 жылға дейін 150 000 шетелдік студент тартуды жоспарлап отыр
Euronews агенттігінің «Қазақстан 2029 жылға дейін 150 000 шетелдік студент тартуды жоспарлап отыр — бұл бастаманың артында не жатыр?» атты мақаласында елдің жоғары білім мен инновация саласындағы өңірлік хаб ретінде орнығуға бағытталған стратегиялық қадамдары баяндалды.
Орталық Азия мен Еуразияда 25 жасқа дейінгі халық саны бір миллиардтан асатын жағдайда, Қазақстан өсіп келе жатқан сұранысқа жауап ретінде әлемнің жетекші университеттерімен әріптестікті кеңейтіп, жаңа зерттеу орталықтарын құруда. Үкімет 2029 жылға дейін елге 150 000 шетелдік студент тартуды көздеп отыр — бұл қазіргі көрсеткіштен шамамен бес есе көп.
Бүгінгі таңда Қазақстанға келетін шетелдік студенттердің көпшілігі — Үндістаннан, әсіресе медициналық бағдарламаларға қызығушылық танытады. Одан кейін Қытай, Ресей, Пәкістан, Түркия, Германия және АҚШ студенттері келеді.
Бұл өсімді қолдау мақсатында Қазақстан Батыс оқу орындарымен ынтымақтастықты күшейтіп, халықаралық филиалдар ашып, маңызды салаларға — мысалы, сирек кездесетін және стратегиялық минералдарға бағытталған бірлескен зерттеу орталықтарын іске қосуда. Сонымен қатар, үкімет жасанды интеллект саласындағы инновацияны да қолдап отыр — студенттік стартаптарды қаржыландырып, кәсіпкерлікке бастапқы оқытудан бастап инкубация мен акселерацияға дейінгі жолды қалыптастыруда.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл бастаманың нақты жоспары бар екенін атап өтті:
«Бізде өте нақты көзқарас болды. Қазақстандағы әрбір студент жасанды интеллект бойынша курстардан өтіп, сертификат алуы керек. 650 000 студенттің ішінде қазірдің өзінде 4 000-нан астамы сертификат алып үлгерді. Енді біз колледж студенттері мен оқытушылардың ИИ стартаптарын қаржыландыру үшін 100 миллион доллар көлеміндегі арнайы посевтік қор құрып жатырмыз. Одан кейін ИИ кәсіпкерлігіне арналған арнайы модульді іске қосамыз. Осылайша, әр студент бір миллиард долларлық бірегей компания — unicorn иесі болуға мүмкіндік алады. Барлық деңгейде қолдау көрсетіледі: бастапқы оқыту, инкубация және акселерация.»
NU президенті Вакар Ахмад бірлескен қаржыландыру үлгілерінің ғылыми зерттеулердің сапасы мен беделін арттырудағы маңызын атап өтті:
«Біз жаңа үлгідегі әріптестіктерді дамытып жатырмыз және ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржыны бірлесіп қалай тиімді пайдалануға болатынын қарастырып отырмыз. Мысалы, егер біз белгілі бір салаға бір миллион доллар бөлсек, ал екі серіктес университет осы соманы сәйкестендірсе, бізде үш миллион доллар болады. Бұл қаражатқа біз де, олар да гранттарға өтінім бере аламыз. Сонымен қатар, бұл бірлескен зерттеулер сапалырақ болады, беделді журналдарда жиі жарияланады, оларды көбірек адам пайдаланады. Бұл университет пен елдің де беделін көтереді.»
Қазақстан білім мен ғылым экожүйесін кеңейту үстінде. Осы үрдісте NU сынды жоғары оқу орындары жаһандық байланысы бар, инновацияға бағытталған академиялық ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда.








