Nazarbayev University А. Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен бірлесіп, ғалымдарды, зерттеушілерді және сала мамандарын II Халықаралық археологиялық симпозиумға қатысуға шақырады. Симпозиум 2026 жылғы 24-25 қыркүйекте Астана қаласында өтеді.
Симпозиумның мақсаты — Қазақстанның көне дәуірден бастап қазіргі этнографиялық кезеңге дейінгі мәдени сабақтастығы мен этносаяси тарихының өзекті мәселелерін талқылау үшін халықаралық ғылыми қауымдастық арасындағы диалогты дамыту және ынтымақтастықты нығайту.
Биылғы Симпозиумның тақырыбы — «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттер тоғысы». Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және А. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының 35 жылдығына арналады.
Симпозиум аясында келесі төрт тақырыптық панельдік сессия өткізіледі:
- Еуразия тас дәуірінің археологиялық мұрағаты ретіндегі үңгірлер
- Қола дәуірінің протоиндустриялық ландшафттары: Еуразия далалық қоныстарының құрлықаралық металл жеткізу тізбектеріндегі рөлі
- Дала өркениетінің феномені: билік, қоғам және мәдени трансформациялар
- Қазақстанның ортағасырлық археологиясының өзекті мәселелері
Қазақстаннан және шетелден келген зерттеушілер халықаралық ғылыми пікір алмасу алаңына қатысып, археология саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және соңғы зерттеу нәтижелерімен бөлісуге шақырылады.
