Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің (NU GSPP) магистранты Мохаммад Хабиб Абдулла өзінің әлеуметтік жұмысы үшін беделді «Диана» сыйлығына ие болды.
Ауғанстанда COVID-19 пандемиясы орын алған кезде, Мохаммад еріктілерді жұмылдыру үшін «Юз Йигит» қайырымдылық қорын құрды. Олар халықты пандемия туралы хабардар етіп, мұқтаж отбасыларға COVID-19 жиынтықтары мен қажетті заттарды таратты.
Бұдан басқа, Мохаммад ел жастары арасында білім тарату үшін «YOUTH for YOUTH» онлайн-платформасын құрды. Бұл пікірталас алаңы Ауған зиялыларын біріктіруге және ауған жастарын қоғамның түрлі өзекті тақырыптарын талқылауға тартуға мүмкіндік берді.
«Мен бұл марапатты негізінен менің қоғамдастық деңгейіндегі («Юз Йигит» қайырымдылық қоры), ұлттық деңгейдегі (YOUTH for YOUTH) және халықаралық деңгейдегі бастамаларым үшін алғаныма өте қуаныштымын және мақтан тұтамын. Осы мәртебелі сыйлықтың иегері ретінде мен басқалардың өмірінде оң өзгерістерді жасау және қолдау үшін күнделікті өмірімде әрі қарай жүруге бұрынғыдан да шабыттанып, жігерлендім», — деп бөлісті Мохаммад. Сыйлық Уэльс ханшайымы марқұм Диананың құрметіне оның жастар әлемді өзгерте алады деген сенімінің қайырымдылық мұрасы ретінде тағайындалды. Марапаттың мақсаты – жастардың қоғамға сіңірген еңбегін бағалау және атап өту.
Қазіргі уақытта Мохаммад NU GSPP мемлекеттік басқару саласындағы магистрлік бағдарламада оқиды. Сонымен бірге, Мохаммад Студенттік Үкіметтің (SG) вице-президенті, Халықаралық студенттер қауымдастығының (AOIS) президенті және жоғары мемлекеттік саясат мектебінің студенттік кеңесінің президенті болып табылады.
Біз Мохаммадты осы беделді марапатпен шын жүректен құттықтаймыз және оның қызметіне табыс тілейміз!








