Назарбаев Университеті(NU), Лотарингия университеті және Total Energies, Alstom, Air Liquide атты үш француз компаниялары Қазақстан мен Франция мемлекеттері басшыларының қатысуымен Парижде өткен бизнес-форум аясында 2022 жылдың 29 қарашасында ынтымақтастық туралы үшжақты Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Ресми қол қою рәсіміне NU президенті Шигео Катсу, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің деканы, университеттің өнеркәсіптік байланыстар жөніндегі вице-провосты Василиос Турассис және жаһандық қатынастар офисінің басшысы Әлия Каймолдинова қатысты. Меморандумға Лотарингия университеті тарапынан осы университеттің еуропалық және халықаралық стратегия жөніндегі вице-президенті Карл Томбре қол қойды.
Тараптар Назарбаев Университетінде Технологиялық артықшылық орталығын құру туралы келісті. Сонымен қатар үшжақты ынтымақтастық магистратура студенттерімен алмасу мүмкіндігін ашады. Қазақстандық студенттер Францияның ең үздік университеттерінің бірі Лотарингия университетінде оқып, осы мекеменің технологиялық білімі мен тәжірибесімен таныса алады.
Бұдан басқа, инженерлік мамандықтардың магистранттары Қазақстан нарығында ұсынылған француз компаниялары базасында өндірістік немесе зерттеу тағылымдамасынан өтетін болады. Total Energie әлемдегі ең ірі мұнай-газ компанияларының бестігіне кіреді және Қазақстандағы Қашаған кен орнын игеру жөніндегі Солтүстік Каспий теңіз жобасындағы 16,80% үлесіне ие. Air Liquide сутегі мен азотты ірі Атырау МӨЗ-не жеткізеді. Alstom компаниясы Қазақстанда екі зауыт — Астанадағы Қазақстан темір жолына арналған локомотивтерді өндіру бойынша «Электровоз Құрастыру Зауыты» және Алматыда бағыттамалы бұрмаларды өндіру бойынша «Қазэлектропривод» бірлескен кәсіпорны болып табылады.
Компаниялардағы тағылымдамалар студенттердің практикалық тәжірибе алуына ғана емес, сонымен қатар осы компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне жағдай жасауға бағытталған. Мұндай шаралар Қазақстанда білікті адам ресурстарын дайындауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Президентінің Францияға мемлекеттік сапары аясында 30 қарашада жоғары оқу орындарының жетінші Қазақстан-француз форумы жоспарланған. 13 қазақстандық университеттің өкілдері француз әріптестерімен жоғары білім беруді дамыту мәселелерін талқылайды. Олардың арасында бірқатар екіжақты меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.







