NU жоғары білімнің болашағы туралы жаһандық диалогқа қатысты 

NU басшылығы 3–5 қараша күндері Индонезия мен Мароккода өткен жоғары білім беру саласындағы екі ірі халықаралық саммитке қатысты. Жиындарда университеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі, халықаралық ғылыми ынтымақтастық, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау және университет беделін қалыптастыру мәселелері талқыланды.

NU президенті, профессор Вақар Ахмад пен вице-президент Гүлмира Қанай Индонезияның Бали аралында өткен QS Higher Ed Summit: Asia Pacific 2026 саммитіне қатысты. Оған әлемнің әр түкпірінен 1000-нан астам делегат жиналды. Саммитте университеттердің қоғамдағы өзгеріп жатқан рөлі, жоғары білімнің интернационалдануы, түлектердің еңбек нарығына даярлығы және елдер арасындағы ынтымақтастық мәселелері көтерілді.

Профессор Ахмад «Бүгінгі таңда университетті жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті ететін не?» атты панельдік пікірталасқа қатысты. Қатысушылар халықаралық серіктестіктің, икемді оқу мүмкіндіктері мен дағдыларды дамытудың университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөлін талқылады.

«NU үшін жаһандық бәсекеге қабілеттілік университеттердің рейтингтегі орнына ғана байланысты емес. Ең бастысы – Астанада білім алып жүрген студент Джакартада немесе Найробиде адам өмірін сақтап қалатын технология жасай ала ма? Біздің түсінігіміздегі мақсатты әрі нақты нәтижеге бағытталған білім беру дегеніміз – осы. Біз Азиядағы және әлемнің басқа өңірлеріндегі серіктестерімізбен бірге осындай болашақты қалыптастырып келеміз», – деді профессор Ахмад.

Вице-президент Гүлмира Қанай «Ортақ болашақ жолындағы зерттеулер: «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы білім беру және қоғамға пайда әкелетін бірлескен жобалар» атты панельдік сессияға Біріккен Араб Әмірліктері университеті мен Гонконг білім беру университетінің өкілдерімен бірге қатысты. Талқылау барысында ауылдық жерлердегі білім беру, теңсіздік, цифрлық алшақтық және өмір бойы білім алу мәселелерін шешуге бағытталған халықаралық бастамалар қарастырылды.

«Басқа ортада қолдануға болатын білім белгілі бір тәсілдің қалай жұмыс істейтінін, кімге пайда әкелетінін және оны жүзеге асыру үшін қандай жағдай қажет екенін түсінуді қамтиды. Халықаралық ынтымақтастық осындай түсінікті қалыптастыруға көмектессе, жергілікті серіктестік оны іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді», – деді вице-президент Гүлмира Қанай. Сондай-ақ ол халықаралық ынтымақтастық технологиялық, демографиялық және экологиялық өзгерістерге сай білім беру шешімдерін әзірлеуге ықпал ететінін атап өтті.

Марокконың Бенгерир қаласындағы Mohammed VI Polytechnic University базасында өткен Times Higher Education (THE) Arab Universities Summit 2026 тоғызыншы саммитінде NU атынан провост Рехан Садик пен вице-президент Әсел Увалиева қатысты. Жиынға жоғары білім беру саласының 250-ге жуық басшысы мен 60-тан астам спикер жиналды.

Провост Рехан Садик білікті мамандардың шетелге кетуі және жаһандық еңбек нарығына қажетті дағдыларды қалыптастыру мәселелеріне арналған панельдік пікірталасқа қатысты. Қатысушылар университеттердің дарынды мамандарды елде ұстап қалу, өндіріс саласымен байланысты нығайту және түлектерді өзгермелі еңбек нарығында сұранысқа ие цифрлық, кәсіпкерлік және бейімделу дағдыларына үйрету жолдарын талқылады.

Вице-президент Әсел Увалиева университеттің беделі мен ұзақ мерзімді бренд құндылығын қалыптастыруға арналған панельдік сессияға қатысты. NU тәжірибесіне сүйене отырып, ол жас университеттің халықаралық деңгейде танылуы ең алдымен ғылыми зерттеулерінің сапасына, академиялық жетістіктеріне және жаһандық мәселелерді шешуге қосқан үлесіне байланысты екенін атап өтті.

«Өзің туралы айтып отырудың қажеті жоқ – сенің орныңа ғылыми зерттеулерің сөйлейді», – деді ол.

Доктор Әсел Увалиева мазмұнды интернационалдану өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қоюмен ғана шектелмейтінін де атап өтті. Ол бірлескен ғылыми зерттеулер, қос дипломды білім беру бағдарламалары және академиялық ұтқырлық арқылы ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуды талап етеді.

Халықаралық саммиттерге қатысу NU-ға өз тәжірибесін жаһандық академиялық қауымдастықпен бөлісуге, жоғары білім беруді дамытуға қатысты көзқарастар алмасуға және Азия-Тынық мұхиты өңірі мен араб елдерінің университеттерімен байланысын нығайтуға мүмкіндік берді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53