Foundation бағдарламасында оқу туралы

Foundation бағдарламасы туралы

Foundation (NUFYP) – университетте білім алуға қажетті академиялық білім мен дағдыларды қалыптастыруға арналған бір жылдық дайындық бағдарламасы. Ол қосымша дайындықты қажет ететін мектеп түлектеріне, әсіресе ағылшын тілінде академиялық білімін жетілдіру үшін тағы бір жыл оқуы қажет талапкерлерге арналған.

Foundation бағдарламасының түлектері NU-да және басқа университеттерде оқуын жалғастырып келеді. Бағдарламаны аяқтаған студенттерге сертификат беріледі. Бұл сертификат қабылдаушы университеттің талаптарына сәйкес, жоғары оқу орнына дейінгі 12 жылдық білімді талап ететін шетелдік университеттерге түсу кезінде пайдаланылуы мүмкін.

Оқуды жалғастыру және қаржылық қолдау алу шарттары

NU-ға түсетін талапкерлер саны артып келеді. Соңғы үш жылда университеттің бакалавриат бағдарламаларына тікелей түсетін* талапкерлер саны 40%-ға өсті. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру гранттарының саны талапкерлер санының өсуіне сәйкес артпай отыр.

Осыған байланысты университет бакалавриатқа тікелей түсетін талапкерлер үшін әділ жағдай жасау мақсатында гранттарды бөлу тәсілін қайта қарастырды.

«Foundation бағдарламасын аяқтаған түлектер NU бакалавриатында оқуын университеттің қолданыстағы ережелерінде белгіленген академиялық талаптар мен қабылдау рәсімдерін сақтаған жағдайда жалғастыра алады. Дайындық бағдарламасын сәтті аяқтау университетке автоматты түрде қабылдануға негіз болмайды», – деді университеттің Академиялық істер жөніндегі вице- провосты Саманта Смидт.

Академиялық талаптарға сай болу және мемлекеттік білім беру грантын алу – екі бөлек мәселе. Мемлекеттік гранттар талапкерлердің академиялық нәтижелері, белгіленген іріктеу өлшемшарттары және мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қарастырылған қаржыландыру көлемі ескеріле отырып, конкурстық негізде бөлінеді.

Сондықтан үш пәннің әрқайсысы бойынша белгіленген шекті нәтижеге жету мемлекеттік гранттың берілуіне кепілдік бермейді. Гранттардың түпкілікті саны қабылдау науқаны басталғаннан кейін айқындалуы мүмкін. Университет өз құзыреті шегінде және қабылдаудың тиісті кезеңіне қолданылатын нормативтік құжаттар негізінде белгіленген талаптарды басшылыққа алады.

Мемлекеттік грантқа ие болмаған Foundation түлектері университет ұсынатын басқа да қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыра алады. Олардың қатарында ішінара гранттар, қаржылық және демеушілік қолдау, сондай-ақ ақылы негізде оқу бар. Қолдаудың нақты түрін алу мүмкіндігі тиісті бағдарламаның шарттарына және қолда бар қаржы ресурстарына байланысты.

Студенттермен өзара байланыс

Университет академиялық талаптар, оқуға қабылдау рәсімдері және қаржыландыру шарттары туралы ақпаратты түсіндіру үшін ақпараттық кездесулер өткізіп, ресми байланыс арналары арқылы мәлімет береді. Аталған ережелерді қолдануға қатысты жеке сұрақтарды NU-дың уәкілетті бөлімшелері белгіленген тәртіппен қарайды.

Анықтама
Бакалавриатқа тікелей түсу*
Бұл – Nazarbayev University-ге NUFYP бағдарламасында оқымай-ақ, бакалавриаттың бірінші курсына түсу. Ол үшін талапкер таңдаған мектептің талаптарына сай болып, конкурстық іріктеуден өтуі қажет. Бакалавриатта оқу мерзімі – төрт жыл.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53