Халықаралық ынтымақтастық: NU Малайзия университеттерімен серіктестікті нығайтуда

26 қыркүйекте NU-ға Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Малайзияның жоғары білім министрі доктор Замбри Абдул Кадир бастаған делегация келді. Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен NU басшылығы қатысты.

Тараптар Қазақстан мен Малайзияның білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын талқылап, екі елдің университеттері арасындағы серіктестікті дамытуға, бірлескен зерттеулер мен студенттік ұтқырлыққа ерекше назар аударды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Малайзия қазақстандық студенттер арасында білім алу үшін танымал бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан жетекші шетелдік университеттерді тартып, олардың филиалдарын ашу арқылы өңірлік білім беру хабын қалыптастыруда. Министр Малайзия университеттерін осы үдеріске белсенді қатысуға, соның ішінде бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Малайзияның жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир өз кезегінде Малайзия тарапының Қазақстанмен байланысты нығайтуға мүдделі екенін растады. Ол студенттік ұтқырлықты, бірлескен зерттеулерді, цифрлық және технологиялық білім беруді, сондай-ақ адами капиталды дамытуды ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде атап өтті.

NU Провосты, профессор Рехан Садик университеттің Малайзияның жетекші зерттеу университеттерімен ғылыми байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, NU бірлескен ғылыми жобаларды іске қосу, білім мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ екі елдің ғалымдары арасындағы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер құру әлеуетін көріп отыр.

NU вице-президенті Қадиша Даирова Universiti Malaya және Universiti Teknologi PETRONAS (UTP) университеттерімен қазіргі серіктестік туралы айтып, оның студенттік алмасуды қамтитынын атап өтті. Осы күзгі семестрде UTP-дің алты студенті NU-да білім алуда. NU мен Universiti Malaya сондай-ақ NU негізін қалаушылардың бірі болып табылатын Asian Universities Alliance (AUA) аясында өзара ынтымақтастық орнатқан. Қ.Даированың айтуынша, университет екіжақты бағдарламаларды кеңейтіп, Малайзиядағы серіктестерімен бірге студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер құруды жоспарлап отыр.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53