Қазақстанда ғылыми негізделген психотерапияны дамыту мәселелері NU-да талқыланды

Nazarbayev University-де когнитивті-мінез-құлықтық терапия бойынша Қазақстандағы алғашқы конгресс өтті. Оған психикалық денсаулық саласында қызмет ететін 200-ден астам маман, зерттеуші, оқытушы және халықаралық сарапшы қатысты.

Конгрестің негізгі тақырыптарының бірі – Қазақстанда ғылыми дәлелдерге сүйенетін психотерапияны дамыту. Бұл бағыт заманауи ғылыми зерттеулердің нәтижелерін, терапия әдістерінің тиімділігін бағалауды, мамандарды кәсіби даярлауды және этикалық талаптарды сақтауды негізге алады.

Іс-шараны Қазақстанның когнитивті-мінез-құлықтық терапия қауымдастығы (KACBT) NU Психологиялық кеңес беру қызметімен бірлесіп ұйымдастырды. Конгреске Қазақстан, Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Малайзия, Словакия, Португалия, Испания, Ресей және Өзбекстаннан келген мамандар қатысты.

Екі күн ішінде 30-дан астам дәріс, практикалық шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер мен кәсіби пікірталастар өтті. Сарапшылар депрессия мен мазасыздық бұзылыстарын, обсессивті-компульсивті бұзылысты, тәуелділікті, тұлғалық бұзылыстарды, ұйқысыздық пен созылмалы ауырсынуды емдеудің заманауи тәсілдерін, сондай-ақ суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселелерін талқылады. Жекелеген пікірталастар кәсіби этикаға, Қазақстандағы психологиялық қызметті реттеуге, мамандарды даярлау мен супервизия стандарттарына және психотерапияда жасанды интеллектіні қолдануға арналды.

Конгресс қатысушылары когнитивті-мінез-құлықтық терапияны жергілікті мәдени ерекшеліктерге бейімдеу мәселесіне де ерекше назар аударды. Сарапшылар психотерапияның ғылыми негізін сақтай отырып, адамның тілін, құндылықтары мен дүниетанымын қалай ескеруге болатынын талқылады. Атап айтқанда, діни және мәдени құндылықтар маңызды адамдармен жұмыс кезінде когнитивті-мінез-құлықтық терапияны бейімдеу тәсілдері қарастырылды.

Конгрестің бастамашысы, Қазақстанның когнитивті-мінез-құлықтық терапия қауымдастығының негізін қалаушы әрі президенті Евгений Ян алғашқы конгрестің өтуі Қазақстандағы кәсіби диалогты халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Бұл – халықаралық кәсіби қауымдастыққа Қазақстанда ғылыми дәлелдерге негізделген психотерапияның қалыптасып келе жатқанын, осы бағытта жұмыс істейтін мамандар мен оны дамытуға мүдделі кәсіби орта бар екенін көрсететін маңызды қадам. Біз бұл туралы әлемге айтқымыз келеді. Қазақстан халықаралық тәжірибені қабылдауға, ғылыми негізделген тәсілдерді енгізуге және сонымен бірге әлемдік кәсіби қауымдастықтың толыққанды мүшесі болуға дайын», – деді Евгений Ян.

NU Психологиялық кеңес беру қызметі үшін конгресс жинақталған тәжірибені таныстырып, шетелдік әріптестермен одан әрі бірлесіп жүзеге асыруға болатын бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді.

«Бұл конгресс Қазақстандағы университеттің психологиялық қызметі халықаралық тәжірибені меңгеріп қана қоймай, кәсіби пікірталасқа өз үлесін қоса алатынын көрсетуге мүмкіндік берді. Шетелдік сарапшылармен болған пікір алмасу студенттерге қолдау көрсету тәсілдеріміздің қазіргі халықаралық тәжірибелермен үндес екенін көрсетті. Ал жинақталған тәжірибеміз мазмұнды кәсіби тәжірибе алмасуға негіз бола алады. Ең маңыздысы – бұл диалог ынтымақтастық туралы нақты келісімдерге ұласты. Ендігі міндетіміз – кәсіби байланыстар мен бірлескен идеяларды студенттерге көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын нақты жобаларға айналдыру», – деді Nazarbayev University Психологиялық кеңес беру қызметінің жетекшісі Валерия Галимова.

Кездесулер барысында NU Психологиялық кеңес беру қызметінің командасы мен шетелдік мамандар бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және университеттегі психологиялық көмекті одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Осылайша, конгресс кәсіби білім мен пікір алмасуға арналған алаң ғана емес, сонымен қатар жаңа халықаралық байланыстар орнатып, бірлескен жобалар әзірлеуге мүмкіндік берген ортаға айналды.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53