NU стартапы Кремний алқабында $1 млн жүлде үшін жарысады

29 тамызда Nazarbayev University-де технологиялық стартаптарға арналған халықаралық Startup World Cup Kazakhstan 2026 байқауының өңірлік финалы өтті. Байқау жеңімпазы SportTech бағытында шешімдер әзірлейтін Mirai Tech стартапы атанды. Енді команда Сан-Францискоға барып, жаһандық финалда Қазақстан атынан өнер көрсетіп, 1 млн АҚШ долларын құрайтын негізгі инвестициялық жүлде үшін бақ сынайды.

Өңірлік финалға халықаралық инвесторларды, венчурлік қор өкілдерін және IT қауымдастығын қоса алғанда, 300-ден астам қонақ жиналды. 140-тан астам өтінімнің ішінен іріктелген Қазақстанның 10 үздік стартапы жаһандық финалға жолдама алу үшін бақ сынады. Жеңімпаз Сан-Францискодағы финалға жолдамадан бөлек, сапар шығындарын өтеуге байқау серіктесі JAS Ventures-тен 20 мың АҚШ доллары көлемінде қолдауға ие болды. Қалған тоғыз финалист те АҚШ-та өтетін жаһандық финалға қатысу билеттерін алды. Олар америкалық жетекші венчурлік қорлар мен ірі корпорациялардың өкілдерімен кездесіп, кәсіби байланыстар орната алады.

Startup World Cup байқауының NU-де өтуі университеттің өңірдегі жетекші инновациялық орталықтардың бірі ретіндегі рөлін айқындайды. NU Impact Foundation басқарма төрағасы Саят Нюсупов байқаудың Қазақстанда өтуі отандық стартаптарға жаһандық венчурлік инвестициялар нарығына тікелей шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Startup World Cup байқауын Қазақстанға алғаш рет әкелу — біздің стартаптар экожүйеміз үшін үлкен жетістік. Бұл — әлемдегі ең ірі стартап байқауларының бірі. Бүгінде қазақстандық командалар өз технологияларын жаһандық венчурлік қоғамдастыққа тікелей таныстырып, осы деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсете алады. Pegasus Tech Ventures компаниясымен серіктестігіміз қазақстандық стартаптарға халықаралық инвесторлармен ел ішінде тікелей байланыс орнатудан бастап, Сан-Францискода өтетін жаһандық финал сахнасына шығуға дейінгі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», — деді Саят Нюсупов.

Sustainable Innovation and Technology Foundation (SITF) бас атқарушы директоры Аскар Арынгазин байқау стартаптарға озық индустриялар мен халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл шара NU экожүйесінің жетістіктерін жалғастырады: бұған дейін университет қауымдастығынан шыққан 17 стартап Стэнфорд университетінің жанындағы беделді StartX акселераторына қабылданған.

Жеңімпаз стартаптың негізін қалаушы Гүлнұр Қалимулдина Mirai Tech технологиясының АҚШ пен Еуропа нарықтарына шыққанын атап өтті. Оның айтуынша, команда осы күзде Калифорнияда өз әзірлемелерін жаһандық венчурлік қоғамдастыққа таныстыруды мақтан тұтады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53