Астана алғаш рет FREIT (Forum for Research in Empirical International Trade) конференциясын қабылдады. 1994 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан FREIT — халықаралық сауда саласындағы эмпирикалық зерттеулермен айналысатын ғалымдардың жетекші халықаралық желісі. 28–29 тамызда Nazarbayev University-де Еуропа, Азия және Солтүстік Америкадағы университеттер мен зерттеу орталықтарының экономистері бас қосып, санкциялар, Қытайдың өнеркәсіп саясаты, «Бір белдеу — бір жол» бастамасы және цифрлық сауданы реттеу мәселелеріне арналған зерттеулерін таныстырды.
Еуразиядағы сауда жолдары тоғысқан тарихи өңірде өткен алғашқы Silk Road Empirical Trade Conference маңызды сауда қақтығыстарының біріне арналған баяндамамен ашылды. HKUST және University of Colorado профессоры Вольфганг Келлер The Economic Consequences of the Opium War атты зерттеуін ұсынды.
«Бұл Қазақстанның қазіргі таңда әлем картасында алатын орнына қатысты маңызды белгі — сондай-ақ Nazarbayev University мен HKUST арасында қалыптасқан серіктестіктің белгісі, — деді NU Президенті Вақар Ахмад — Бұл серіктестік білім беру саласында да, зерттеу бағытында да одан әрі нығая түседі деп сенемін». Оның айтуынша, екі университет «бір дәліздің екі шетінде тұрып бірдей мәселелермен айналысады: жасанды интеллект, жеткізу тізбектері және ұйымдар».
Конференцияны NU Жоғары бизнес мектебі, HKUST Бизнес мектебі және Georgia Tech жанындағы Халықаралық сауданы эмпирикалық зерттеу форумы (FREIT) ұйымдастырды. Іс-шара үш күнге созылған NUGSB–HKUST Forum on Global Transformation of Value Creation форумының бір бөлігі болды.
Екі күн ішінде қатысушылар іріктелген 12 ғылыми жұмысты таныстырды. Зерттеушілер санкциялар мен өнеркәсіп саясатына қоса, технологиялар трансфері мен идеялардың таралуын, сондай-ақ сыртқы сұраныс пен ішкі өндіріс сапасының арасындағы байланысты талқылады. Бағдарлама ғылыми жұмыстарды таныстырумен шектелмей, сарапшылардың баяндамалары мен ашық пікірталастарды да қамтыды.
Ұйымдастырушылар Орталық Азияға да ерекше назар аударды. Конференция қарсаңында, 27 тамызда, Орталық Азия зерттеушілеріне арналған семинар өтті. Онда New Uzbekistan University, NUGSB, Özyeğin Graduate School of Business және NAC Analytica ғалымдары төрт зерттеу жұмысын ұсынды. Мұндай формат өңір ғалымдарының халықаралық академиялық қауымдастықпен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз — оқытушылар арасында кәсіби және академиялық байланыстар орнатуға ықпал ету. Біз бұл мақсатқа Nazarbayev University-де де, HKUST-те де өткізілетін және алдағы уақытта ұйымдастырылатын бірлескен зерттеу конференцияларына қатысу арқылы қол жеткізіп келеміз», деді HKUST профессоры Дэвид Кук.
Конференция Bachelor of Business Administration in Eurasian Business қос дипломды бағдарламасының іске қосылуымен тұспа-тұс келді. Ынтымақтастық бизнес мектептерімен ғана шектелмей, университеттер инженерия және жасанды интеллект бағыттарында да бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.



















