12-25 шілде аралығында «Бурабай» ұлттық паркі Nazarbayev University студенттері үшін ашық аспан астындағы үлкен зертханаға айналды. Мұнда жыл сайын ұйымдастырылатын жазғы далалық практика өтіп, оған NU ғалымдары, Biological Sciences бағдарламасының студенттері және академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары қатысты.
Бұл жолы студенттер аудиториядан шығып, табиғат аясында білім алды. Орман мен көл жағасында жұмыс істеп, заманауи ғылыми құрал-жабдықтарды пайдаланды. Бағдарламаны Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі (SSH) мен NU Тұрақты даму офисі бірлесіп ұйымдастырды.
Биылғы практиканың ерекшелігі – Бурабайдағы ғылыми-білім беру кешені базасында жаңа далалық зертхананың ашылуы. Соның арқасында студенттер жиналған үлгілерді зертханаға жеткізбей-ақ, сол жерде өңдеп, алғашқы талдау жұмыстарын жүргізе алды.
Екі апта бойы қатысушылар Солтүстік Қазақстанның табиғатын зерттеп қана қоймай, ғылыми жұмыстың барлық кезеңімен танысты.
- Далалық зерттеу және мониторинг: Студенттер арнайы тұзақтар орнатып, биологиялық үлгілер жинады, өсімдіктер мен омыртқасыздардың түрлерін анықтады. Жиналған мәліметтер халықаралық iNaturalist платформасына жүктеліп, аймақтың биоалуантүрлілігі туралы деректер қорын толықтыруға үлес қосты.
- Ғылымдағы заманауи технологиялар: Бағдарлама тек ботаника мен зоологиямен шектелген жоқ. Қатысушылар Жерді қашықтан зондтау, геоақпараттық жүйелер (GIS) және дрондарды ғылыми зерттеулерде қолдану бойынша дәрістерге қатысты.
- Деректерді өңдеу және R бағдарламалау тілі: Ғылыми зерттеу тек мәлімет жинаумен аяқталмайды. Сондықтан студенттер статистикалық талдау негіздерін меңгеріп, биологиялық деректерді R бағдарламалау тілі арқылы өңдеу мен визуализациялауды үйренді.
Практика барысында қатысушылар Бурабайдың ерекше табиғи аймақтарын аралап, Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының биотехнология және орманды қалпына келтіру зертханасына барды. Бұл сапарлар ғылыми зерттеулердің нақты өмірде қалай қолданылатынын көруге мүмкіндік берді.
Қатысушылардың пікірлері
Арина Головина, Biological Sciences бағдарламасының 3-курс студенті:
«Бурабайдағы бұл курс теория мен тәжірибенің арасындағы байланысты нақты сезінуге мүмкіндік берді. Әртүрлі университеттердің оқытушыларынан білім алу ерекше әсер қалдырды. Олардың ғылымға деген қызығушылығы бізді де шабыттандырды.»
Аяжан Рүстемова, Biological Sciences бағдарламасының 4-курс студенті:
«Маған биологияның бұрын таныс емес бағыттарымен жақынырақ танысу ұнады. Зоология мен ботаниканы табиғи ортада зерттеу және әртүрлі мамандардан тәжірибе жинақтау көп нәрсеге жаңаша қарауға көмектесті.»
Елдана Жүніспекова, Biological Sciences бағдарламасының 3-курс студенті:
«Бұл практика университетте алған білімімізді нақты зерттеу жұмыстарында қолдануға мүмкіндік берді. Табиғат аясындағы жұмыс, деректерді талдау және командамен бірге өткізген уақыт ұзақ уақыт есте сақталады.»
Осындай далалық бағдарламалар NU-да болашақ ғалымдарды даярлаудың маңызды бөлігі саналады. Олар студенттердің зерттеу жүргізу дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, сыни ойлауын дамытады, командада жұмыс істеуге үйретеді және Қазақстан табиғатын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді.








