21 шілдеде Федералдық білім және кәсіптік даярлық мәселелері жөніндегі мемлекеттік министр Ваджиха Камар бастаған Пәкістан делегациясы Nazarbayev University-ге (NU) келді. Сапардың негізгі мақсаты – NU мен Пәкістан арасындағы жоғары білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылау.
Делегацияны қарсы алған NU провосты Рехан Садык университеттің халықаралық серіктестікті жүйелі түрде кеңейтіп, шетелдік студенттер санын арттыруға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Пәкістан азаматтары университеттегі шетелдік студенттер саны бойынша екінші орында тұр. Қазіргі таңда NU-да Пәкістаннан келген 55 студент бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алуда.
Өз кезегінде NU вице-президенті Әсел Уәлиева университеттің шетелдік талапкерлерге арналған білім беру мүмкіндіктерін таныстырды. Атап айтқанда, биыл NU алғаш рет шетелдік студенттерге ішінара стипендия ұсына бастады.
«Биыл біз алғаш рет ішінара стипендия бере бастадық. Оқу ақысын бірлесіп қаржыландырудың түрлі тетіктерін қарастыруға дайынбыз. Мысалы, оқу құнының 15, 20, 30 немесе 50 пайызға дейінгі бөлігін жабу мүмкіндігін талқылай аламыз», – деді Әсел Уәлиева.
Кездесу қорытындысы бойынша Ваджиха Камар екі тарап өкілдерінен құралған бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл топ білім беру, академиялық ұтқырлық және бірлескен ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастықты үйлестіретін болады.








