NU Қытайдағы ауқымды білім көрмесінде алғаш рет таныстырылды

10 сәуірде Бейжің қаласында халықаралық China Study Abroad Forum (CSAF) форумы және екі күнге созылған China International Education Exhibition Tour (CIEET) көрмесі өз жұмысын бастады. Аталған алаңда Қазақстан алғаш рет ұлттық павильонмен қатысып, отандық білім беру әлеуетін кеңінен таныстырды.

Қазақстандық делегацияны ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова бастап барды. Делегация құрамына министрлік өкілдерімен қатар, еліміздің 27 жетекші жоғары оқу орнының өкілдері енді.

Қазақстан Орталық Азиядағы білім беру хабы ретіндегі позициясын жүйелі түрде нығайтып, шетелдік студенттерді тартуға басымдық беріп келеді. Бұл бағытта Nazarbayev University мемлекеттік саясатты белсенді қолдап, «Kazakhstan — the Territory of Academic Knowledge» ұлттық бренді аясында өз білім беру бағдарламаларын ұсынды.

«Қытай тарапы қазақстандық жоғары оқу орындарына, соның ішінде біздің университетке ерекше қызығушылық танытып отыр. Бүгінде университетімізде шамамен 7 500 студент білім алса, олардың 500-ден астамы — шетелдік студенттер. Қазіргі таңда біз Times Higher Education рейтингіне енген жетекші қытайлық университеттермен қос диплом бағдарламаларын іске қосу мүмкіндігін қарастырудамыз», — деп атап өтті NU вице-президенті Гүлмира Қанай.

Халықаралық форумға 500-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Аустралия, Италия, Испания, Грекия, Сингапур, Малайзия, Вьетнам және басқа да елдердің білім беру ұйымдары мен салалық құрылымдарының өкілдері бар.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53