Nazarbayev University-де жастар экоқоғамдастығының кездесуі – Youth Eco Community Meetup: Climate & Water Challenges in Central Asia өтті.
Шара Орталық Азиядағы негізгі климаттық және су ресурстары мәселелеріне арналған және жастардың экологиялық бастамаларға қатысуын арттыруға бағытталған. Іс-шараны ұйымдастырушылар: ЮНИСЕФ Қазақстан, Француз даму агенттігі (AFD) және NU Тұрақты даму кеңсесі болды.
Кездесу басында ұйымдастырушылар өкілдері жастармен тұрақты диалог жүргізудің маңыздылығын және өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу үшін күш біріктіру қажеттігін атап өтті. Қатысушыларға жастарды климаттық іс-қимылдарға тарту бағдарламасы таныстырылып, оның ішінде экобілім беру, волонтерлік және ұлттық әрі халықаралық экологиялық бастамаларға қатысу бағыттары қамтылды.
Youth Talks секциясында жас волонтерлер Орталық Азиядағы су және климаттық қиындықтар бойынша өз көзқарастарын айтып, жастардың шешімдері мен жобалары бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Одан кейін қатысушылар AFD әзірлеген Арал теңізі мен Памир туралы деректі фильмдерді тамашалап, Қазақстанға қолдануға болатын негізгі тұжырымдарды талқылады және экологиялық сторителлингті дамыту бойынша ұсыныстар жасады.
Іс-шараның жеке бөлімі ЮНИСЕФ Жастар форумы дайындықтарына арналды, ол 2026 жылғы сәуірде өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылатын болады.









