Тұңғыш қазақстандық «unicorn» Higgsfield: команданың 90%-ы — NU түлектері

18–19 қазан күндері Nazarbayev University (NU) қабырғасында AIESEC халықаралық жастар ұйымы мен Қазақстанның алғашқы «unicorn» стартапы — Higgsfield бірлесіп ұйымдастырған AIESEC x Higgsfield Case Championship өтті.

Хакатон IT, жасанды интеллект және креатив саласындағы жас және тәжірибелі мамандарды біріктірді. Қатысушылар Higgsfield ұсынған нақты бизнес-кейстерді шешіп, шектеулі уақыт пен командалық жұмыс жағдайында заманауи нарыққа арналған жаңа идеяларды ұсынды. Байқау екі негізгі бағыт бойынша өтті: Startup Marketing (даму стратегиялары, брендтеу, өнімді масштабтау) және Prompt Engineering (жасанды интеллект пен генеративті технологияларды тиімді пайдалану).

Іс-шара басында Higgsfield командасы қатысушыларға арнап панельдік пікірталас өткізіп, компанияның қалыптасу жолы мен алдағы жоспарлары туралы айтты. Компанияның тең құрылтайшысы Ерзат Дулат жобаның бірегейлігін атап өтіп, табыстың басты сыры — мықты команда екенін ерекше атап өтті.

«Бізде қытайлық компаниялардағыдай үлкен қаржыландыру жоқ, бірақ өте мықты команда — әзірлеушілер, креатившілер және growth-мамандардың арқасында біз нарықта көш бастап келеміз. Higgsfield командасының 90%-ы — Nazarbayev University түлектері», — деді ол.

Ерзат Дулаттың айтуынша, бұл факт Қазақстанның адами капиталының жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.

«Біз америкалық компаниялардан да тиімді жұмыс істейміз, себебі нарыққа бейімделу жылдамдығымыз өте жоғары. Жақын уақытта 10 миллион төлем жасайтын қолданушыға жетіп, декакорн-компанияға айналуды көздеп отырмыз. Сондықтан біз үнемі мықты мамандарды іздейміз, ал NU түлектеріне негізгі басымдық береміз. Бізге деген осындай қызығушылыққа шын жүректен ризамыз», — деді Higgsfield компаниясының техникалық директоры (CTO).

Ол сондай-ақ компанияның алғашқы кезеңінде көптеген күмән болғанын еске алды. «Бізге Қазақстаннан AI-компания құру мүмкін емес деді. Маркетинг, machine learning немесе өнім бағытында әлемдік деңгейдегі 10 маманды да таба алмайсыңдар деп айтты. Бірақ бүгінде біздің командада 70 адам жұмыс істейді, және біз өте жоғары стандарттар қоямыз. Higgsfield-тегі барлық қызметкер — өз ісінің үздіктері, әрі компанияның құзыреттілік деңгейі күн сайын артып келеді. Сондықтан “Қазақстанда әлемдік деңгейдегі таланттар жоқ” деу — қате пікір», — деді ол.

Чемпионат аясында сондай-ақ сарапшылардың шеберлік сабақтары, технологиялық индустрия өкілдерімен нетворкинг-сессиялар және кәсіби даму бағытындағы түрлі іс-шаралар өтті.

Айта кетейік, дәл осы NU-дегі дәріс барысында Higgsfield өкілдері алғаш рет өздерінің «unicorn» атанғандары туралы ресми түрде жариялаған болатын.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53