Social Startup 2025: командалар 10 миллион теңгеге дейінгі гранттарды жеңіп алды

Nazarbayev University-де (NU) Қазақстанда теңдесі жоқ Social Startup 2025 гранттық бағдарламасының қорытындылары жарияланды. 153 қатысушы команданың ішінен таңдалған он команда технологияны қолдана отырып, тұрақтылық пен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды. Бағдарламаны NU Impact Foundation жүзеге асырады.

Social Startup — минималды өміршең өнімін (MVP) әзірлеп қойған немесе одан да ілгерілеген: прототипі бар, пилоттық кезеңнен өткен, алғашқы сатылымдары немесе нарық сұранысының расталуы анықталған командаларға арналған бағдарлама. Міндетті талап — команда құрамында кемінде бір NU студентінің болуы.

Сегіз апталық оқыту барысында қатысушылар идеяны құрудан бастап оны тексеруге дейінгі барлық кезеңнен өтті, трекинг пен менторлық қолдау алды, жұмыс істеп тұрған әлеуметтік кәсіпорындардың тәжірибесімен танысты, тұрақты бизнес-модель жасауды, әлеуметтік әсерді есептеуді, жасанды интеллектті қолдануды және шешімдерді масштабтауды үйренді.

NU президенті профессор Вакар Ахмад құттықтау сөзінде қор жұмысының маңызын және оның университет маңындағы инновациялық экожүйені дамытудағы рөлін атап өттіп, женімпаздарды құттықтады: «Бүгінгі командалар тек стартап құрмайды, олар үміт, орнықтылық және жауапты көшбасшылықты қалыптастырады. Сіздердің идеяларыңыз бен миссияларыңыз университетіміздің рухымен үндес: инновация — тек технология емес, ол адамдар, құндылықтар және жауапкершілік», — деді ол.

Жобаларды бағалау беделді қазылар алқасына жүктелді. Негізгі өлшемдер: әлеуметтік әсері мен өзектілігі, бизнес-модель сапасы, команданың құзыреттілігі және стартаптың ұзақ мерзімді тұрақтылығы болды.

Social Startup 2025 жеңімпаздары:

  • Kunde Robot Cafe — болашақтың инклюзивті жұмыспен қамту моделі: роботтандырылған кофейналар, мүмкіндігі шектеулі жандарды бариста ретінде оқыту және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жаңа мамандықтар.
  • FoodSave — бизнеске өтпей қалған тағамды «құтқаруға», азық-түлік қалдықтарын азайтуға және адамдарға сапалы өнімдерді төмендетілген бағамен қолжетімді етуге көмектесетін технология.
  • flection.ai — инсульттан кейінгі оңалтуды әр адамға қолжетімді ететін онлайн-платформа — AI технологиясы мен қарапайым веб-камераның көмегімен.
  • MoonAi — бұл бағдарламалаусыз AI агенттерін құрастыратын конструктор, ол шағын бизнеске процестерді автоматтандыруға көмектеседі, ал жүздеген адамға — интегратор мамандығын меңгеруге мүмкіндік береді.
  • ZhanymAI — бұл эмоционалдық қолдау көрсететін AI платформасы, ол жоғары оқу орындары мен компанияларға студенттер мен қызметкерлердің әл-ауқатына тәулік бойы — 24/7 қамқорлық жасауға көмектеседі.
  • Nomadica — бұл қамыстан, жүннен және агроқалдықтардан жасалған биоматериалдар — ауаны тазартатын және тұрақты дизайн мәдениетін қалыптастыратын экологиялық интерьер шешімдері.
  • VBOX — әлеуметтік осал топтағы адамдар өз өнімдерін жасайтын алғашқы инклюзивті вендинг аппараты — жұмыспен қамтуды, бейімделуді және кәсіпкерлікті біріктіретін модель.
  • SoileApp — көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін цифрлық әлемді қолжетімді ететін нейрожелілік дауыс синтезі бар алғашқы қазақтілді скринридер.
  • AR Sana — ойын, технология және ерте қолдау арқылы 3–7 жас аралығындағы балалардың тезірек сөйлеуіне көмектесетін виртуалды логопеді бар AR-қосымша.
  • Defect AI — медициналық жазбаларды автоматты түрде тексеретін, қателерді азайтатын және дәрігерлердің уақытын босатып, оны пациенттерге арнауға мүмкіндік беретін AI платформ.
Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53