Nazarbayev University-де Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің, бейінді министрліктердің және жетекші ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерінің қатысуымен сирек және сирек жер материалдары саласындағы бес жылдық іргелі ғылыми бағдарламаны іске асыру мәселесі талқыланды. Бағдарламаға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы қолдау көрсетуде.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – шикізатқа тәуелді экспорттық үлгіден сирек және сирек жер металдарын терең өңдеуге көшу, сондай-ақ ядролық, сутектік және болашақтағы термоядролық энергетикаға арналған жоғары технологиялық өнімдер өндіру.
Кеңесті ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бұл бағыттың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті: «Бүгінде сирек және сирек жер металдары мәселесі Қазақстан үшін тек геология немесе шикізатты өңдеу мәселесі ғана емес. Бұл — технологиялық тәуелсіздік, энергетиканы дамыту, жаңа индустрияларды қалыптастыру және түптеп келгенде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі».
Бағдарлама Nazarbayev University жанындағы Жаңа материалдар және энергия технологиялары институтының (INMET) базасында әзірленген. Университеттің ғылыми инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуеті әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
«Соңғы 15 жылда NU-дың 160-тан астам түлегі STEM бағыттары бойынша әлемнің жетекші университеттерінде білімін аяқтады. Бұл кадрлық әлеуетті осындай ірі жобаларды іске асыруға тартуға болады. Жоғары технологиялы өндірістер мен экономиканың дамуы жастарды ғылымға тартудың маңызды қозғаушы күшіне айналуда», – деді NU вице-президенті Қадиша Даирова қатысушыларды құттықтай отырып.
INMET бас директоры, академик, NU профессоры Жұмабай Бакенов флагмандық бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. «Бағдарлама аясында ресурс қорын зерттеу, сирек және сирек жер элементтерін алу мен өңдеу технологияларын әзірлеу, оларды қолдану, соның ішінде шағын модульдік реакторларда пайдалану, сондай-ақ қазақстандық шикізат негізінде “жасыл” сутегі өндірісін жергіліктендіріп, дамыту көзделген», — деді INMET бас директоры.
Талқылау барысында қатысушылар 2027–2031 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламаны іске қосу, ведомствоаралық жұмыс тобын құру, басым бағыттар мен пилоттық жобалар тізбесін қалыптастыру, сондай-ақ іске асырудың жол картасын әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.
















