Nazarbayev University ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен бірлесіп Жаңа материалдар және энергия технологиялары институтын (INMET) құрды. Жаңа құрылым озық материалдар мен энергетикалық жүйелер бағытындағы қолданбалы зерттеулерге ден қояды. Негізгі назар – технология әзірлеу, оны өндіріске енгізу және энергетика саласындағы ұлттық басымдықтарды іске асыру, соның ішінде Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету мақсатын қолдау.
INMET ғалымдарды, инженерлерді және өндірістік серіктестерді біріктіріп, ядролық және жаңартылатын энергия көздері, экологиялық тұрғыдан орнықты энергетикалық жүйелер, энергия жинақтау шешімдері, энергетикаға арналған ток өткізгіш материалдар және цифрлық технологиялар бағытында жұмыс жүргізеді.
«INMET-ті құру арқылы біз тұрақты даму, энергетика және озық материалдар саласындағы әлеуетімізді күшейтеміз, – деді университет президенті профессор Вакар Ахмад. – Институттың зерттеу бағыты Қазақстанның ұзақ мерзімді даму мақсаттарымен үндеседі».
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Академияның энергетика саласындағы ірі жобаларының бірі жаңа институтпен бірлесіп жүзеге асырылатынын мәлімдеді. «Жаңа материалдар мен энергетикалық технологиялар – энергетиканы, өнеркәсіпті, көлік жүйесін және экологиялық инфрақұрылымды жаңғыртудың негізі. Дәл осы бағытта елдің технологиялық тәуелсіздігі нығайып, тұрақты экономикалық өсудің берік іргетасы қаланады. Сондықтан институттың ашылуы стратегиялық маңызға ие», – деді ол.
Институт National Laboratory Astana жанындағы Энергетика және жаңа материалдар ғылымы орталығын қайта құрылымдау негізінде құрылды. Сонымен қатар тәжірибелік үлгілер әзірлеу және оларды коммерцияландыруға арналған инфрақұрылым кеңейтілді. INMET құрамына бес зертхана және екі ғылыми орталық – Энергетикадағы цифрлық модельдеу және жасанды интеллект орталығы мен Ядролық зерттеулер орталығы кіреді. Өнеркәсіптік компаниялармен әріптестік аясында технологияларды сынақтан өткізу және нарыққа шығару үшін арнайы алаңдар ашу жоспарланған. Бұл әзірлемелерді өндіріске енгізу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Біз компаниялардың нақты өндірістік міндеттерін шешіп, қолданыстағы технологияларды жетілдіруге және жаңа өнімдер жасауға ниеттіміз», – деді INMET бас директоры, профессор Жұмабай Бакенов.
Институт ұжымы бірқатар практикалық нәтижелерге қол жеткізді. Қаптамалы (pouch) және призматикалық литий-ионды элементтер өндіретін пилоттық желі іске қосылды, ал жиналған аккумулятор модулі электр көлігінде сынақтан сәтті өтті. Зерттеушілер тәжірибелік сутек генераторын жасап, «жасыл» химия қағидаттарын қолдана отырып, күріш қауызы мен жүгері собығы сияқты ауыл шаруашылығы қалдықтарынан фармацевтикалық материал алу технологиясын әзірледі. Сонымен қатар материалтану мен энергетикалық жүйелердегі жаңашылдықты жеделдетуге арналған деректерді талдауға негізделген цифрлық құралдар мен модельдер жасалуда.
Ғылыми жұмыстармен қатар, институт энергетика және материалтану саласында студенттер мен жас зерттеушілерді даярлайды. Ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес, INMET Қазақстаннан және шетелден ғалымдар мен білім алушыларды тартатын халықаралық ғылыми орталыққа айналуды көздейді.
2026 жылғы тамызда INMET 14-ші Халықаралық наноматериалдар және озық энергия жинақтау жүйелері конференциясын (INESS-2026) қабылдайды. Бұл жиында ғалымдар мен индустрия өкілдері институттың стратегиялық даму бағыттарын және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.







