11 ақпанда Nazarbayev University-де инновациялық қаржы нарығы үшін маңызды оқиға — Apartchain платформасының және Қазақстандағы коммерциялық жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген алғашқы токендер эмиссиясының ресми іске қосылу салтанаты өтті. Іс-шараға NU Impact Foundation, ҚР Ұлттық банкі, инвесторлар, технологиялық қауымдастық өкілдері және девелоперлер қатысты.
Алғысөзінде NU Impact Foundation басқарма төрағасы Саят Нүсіпов экономикалық өсімді қолдау үшін жаңа инвестициялық құралдарды қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Apartchain — блокчейн шешімдері негізінде құрылған және ҚР Ұлттық банкінің реттеуші қызметі аясында жұмыс істейтін жылжымайтын мүлікті токендеу платформасы. Платформа нақты объектілерге байланыстырылған цифрлық активтерді шығару, орналастыру және айналымға енгізуді қамтамасыз етеді. Ол Jas Ventures портфельдік жобасы ретінде NU Impact Foundation қолдауымен әзірленген және жылжымайтын мүлікке инвестиция салу саласында ашықтықты арттыруға, транзакцияларды автоматтандыруға және цифрлық токендер арқылы инвестициялардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Алғашқы эмиссия аясында Астанада орналасқан коммерциялық нысан сәтті токенделді. Эмиссиядан кейін бір токеннің құны 407 мың теңгені құрады. Әрбір токен нысандағы үлесті білдіреді және смарт-келісімшарттар мен тәуелсіз валидация тетіктері арқылы тіркелетін жалға беру табысының белгілі бір бөлігіне құқық береді.
«Қарапайым тілмен айтқанда, токендеу дегеніміз — коммерциялық жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарды цифрландыру және оларды бөліктерге бөлу. Инвестор шартты түрде нысандағы 5 м²-ге тең үлесті сатып алып, өз үлесіне пропорционалды түрде жалдау табысын ала алады. Сондай-ақ цифрлық токендерді толық немесе ішінара сату мүмкіндігі бар, бұл дәстүрлі жылжымайтын мүлік иелену форматтарымен салыстырғанда инвестициялардың икемділігі мен өтімділігін арттырады», — деді Apartchain компаниясының CEO-сы Ерлан Уәли.
Apartchain платформасының іске қосылуы және жылжымайтын мүлік токендерінің алғашқы эмиссиясы Қазақстандағы цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытудың жаңа кезеңін білдіреді, инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтіп, ашықтықты арттыруға және жылжымайтын мүлік нарығындағы инвестициялық құралдардың аясын ұлғайтуға жол ашады.








