NU-дың халықаралық деңгейде мойындалған медициналық экожүйесінің негізін қалаушы профессор Массимо Пиньятелли қызметін аяқтайды

2026 жылғы 31 наурыз — Nazarbayev University-дің медицина жөніндегі вице-президенті әрі Медицина мектебінің деканы профессор Массимо Пиньятеллидің соңғы жұмыс күні.

Профессор Пиньятелли университетке 2013 жылы келіп, 12 жыл ішінде Медицина мектебінің дамуына жетекшілік етті. Сондай-ақ ол төрт академиялық клиниканы біріктіретін University Medical Center-ді және Биомедициналық зерттеу орталығын қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Бүгінде NU-дың медициналық бағыты денсаулық сақтау жүйесінің интеграцияланған үлгісі ретінде халықаралық деңгейде танылып отыр.

Массимо Пиньятелли — NU Медицина мектебінің негізін қалаушы. Оның жетекшілігімен Қазақстанда алғаш рет АҚШ үлгісінде әзірленген Doctor of Medicine (MD) бағдарламасы іске қосылды. Кейінгі жылдары қоғамдық денсаулық сақтау, молекулалық медицина, фармакология және токсикология, спорттық медицина және реабилитация бағыттары бойынша магистратура бағдарламалары ашылды. Ал биыл мейіргерлік ісі бойынша жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Сондай-ақ жаһандық денсаулық сақтау және биомедициналық ғылымдар бойынша PhD бағдарламалары енгізілді. Маңызды жетістіктердің бірі — Accreditation Council for Graduate Medical Education (ACGME) стандарттарына сәйкес резидентура және феллоушип бағдарламаларының енгізілуі болды. 2026 жылы NU жаңа MD бакалавриат бағдарламасына 160 студент қабылдады.

Академиялық бағдарламалар халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. MD бағдарламасы World Federation for Medical Education (WFME) тарапынан аккредиттелсе, қоғамдық денсаулық сақтау магистратурасы Agency for Public Health Education Accreditation (APHEA) аккредитациясынан өтті. Сондай-ақ клиникалық инфрақұрылым дамытылып, нәтижесінде Қазақстандағы алғашқы интеграцияланған академиялық медициналық орталық — University Medical Center (UMC) құрылды. Оның құрамына төрт оқу клиникасы кіреді және ол Joint Commission International (JCI) аккредитациясына ие. Бұдан бөлек, елімізде биомедициналық және клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізуге арналған заманауи алаң — Биомедициналық зерттеу орталығы ашылды.

Профессор Пиньятеллидің көшбасшылығының арқасында NU клиникалық медицина және денсаулық сақтау бағыты бойынша Times Higher Education әлемдік рейтингінде 301–400 аралығына енді. Бұл — небәрі 13 жылдық тарихы бар медицина мектебі үшін үлкен жетістік.

Профессор Пиньятелли NU-ға University of Glasgow Медицина мектебінің деканы қызметінен келді. Ол University of Bologna-дан медициналық білім алып, оны үздік тәмамдап, University College London-да PhD дәрежесін қорғаған. Ғылыми қауымдастықта кеңінен танылған дәрігер-ғалым ретінде ол эпителий адгезия молекулаларын зерттеу және оларды диагностикалау, болжау және терапия тиімділігін бағалау үшін биомаркер ретінде қолдану бағытында көптеген ғылыми еңбектердің авторы.

NU президенті профессор Вакар Ахмад Пиньятеллидің еңбегін жоғары бағалап: «Массимо — көрнекті көшбасшы, дәрігер және ғалым. Ол NU Medicine-ді жоғары деңгейдегі білім, әлемдік деңгейдегі зерттеулер және сапалы медициналық көмекті біріктірген халықаралық маңызы бар жүйеге айналдырды. Біз оған тек медицина саласын ғана емес, бүкіл университетті Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші зерттеу университетіне айналдыруға қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз», — деді.

Сондай-ақ профессор Ахмад: «Массимоға лайықты ізбасарды таңдаудағы қолдауы үшін ризамын. Бізге Сингапурдағы Agency for Science, Technology and Research ұйымынан профессор Хак Нг-нің қосылатынына қуаныштымын», — деп атап өтті.

2026 жылдың сәуір айынан бастап профессор Хак Нг профессор Пиньятеллидің қызметін жалғастырады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53