Өткеннің ықпалы: ғалымдар қоғамдық құндылықтардың өзгерісін талқылады

Nazarbayev University университетінде «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар: қоғамдық құндылықтар дискурсы» атты II халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиын постколониализм, бірегейлік және 1991 жылдан кейін тәуелсіздік алған елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы қоғамдық құндылықтардың өзгеруі мәселелеріне арналды. Конференцияны NU-дың Қазақ тілі және түркітану кафедрасы ұйымдастырды.

Конференцияның ашылуында NU вице-президенті Қадиша Даирова, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Гонзало Хортелано және Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамилоглы сөз сөйледі.

Профессор Юлай Шамилоглының айтуынша, постколониалдық көзқарас ғылыми орта үшін әлі де маңызды талдау құралы болып қала береді, әрі бұл бағытқа студенттердің қызығушылығы артып келеді: «Қазақстан үшін бұл тақырып аса өзекті. Себебі ол өз мәдениетімізді әлемнің өзге өңірлерінде кең қолданылатын, бірақ бізде әлі жеткілікті тарала қоймаған ғылыми ұғымдар арқылы саралауға мүмкіндік береді».

Конференцияда тілдің тарихи жадыны сақтаушы ретіндегі рөлі, мәдени кодтар және жаңа теориялық тәсілдерді іздеу мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар атап өткендей, бұл ізденістер бүгінде тек академиялық шеңбермен шектелмей, кең қоғамдық кеңістікке шығып келеді. Яғни әңгіме тек өткенді қайта пайымдау емес, сонымен бірге жаһандық ғылымда өзіндік интеллектуалдық үн қалыптастыру туралы болып отыр.

Анна Олдфильд, Coastal Carolina University-тінің профессоры, өз сөзінде қазіргі қазақстандық жас ғалымдардың ерекшелігін атап өтті: «Қазақстанның жаңа буын зерттеушілері қазақ, орыс және батыс ғылыми дәстүрлерін ұштастырып, жаһандық академиялық диалогқа үлес қосып келеді. Сонымен қатар жергілікті білім мен тәжірибеге сүйенуді де ұмытпайды. Ал батыстық зерттеушілер сіздермен бірлесіп қазақ тілі мен әдебиетін, тарихын тереңірек түсінуге ұмтылып отыр».

Конференция аясында лингвистика, әдебиеттану, түркология және философия бағыттарын қамтитын 50-ден астам баяндама ұсынылды. Пленарлық отырыстарда Роуз Эдит Уэллман (University of Michigan–Dearborn), Айнаш Мустояпова (Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті) және Эльмира Оразалиева (ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы) негізгі баяндамалар жасады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53