Өnergy Creative Hub: Креативті экономиканың жаңа экожүйесі 

27 наурызда Nazarbayev University базасында Орталық Азиядағы ғылым, технология, креативті индустриялар мен кәсіпкерлікті бірыңғай экожүйеге біріктіретін алғашқы пәнаралық кеңістік — Өnergy Creative Hub ашылды.

Хаб жұмысының негізінде идеяларды ғылыми ортадан нақты экономикалық құндылығы бар шешімдерге айналдыруға мүмкіндік беретін science-art бағыты жатыр.

«Өnergy – бұл NU іргелі ғылымы, креативті индустрия және қазіргі заманғы бизнестің қажеттіліктері арасындағы көпір. Мұнда инновациялық биодизайн-материалдардан бастап иммерсиялық кеңістіктерге дейін жаңа өнімдер пайда болып, ол Қазақстанның жаңа экономикасының өсу нүктесіне айналуда», — деді NU Impact Foundation басқармасының төрағасы Саят Нюсупов.

Жаңа орталық тек академиялық қауымдастық үшін ғана емес, зерттеушілер, стартаптар мен креаторлар сияқты қалың бұқараға да есігін айқара ашады. Хаб ішінде клубтық резиденттік жүйесі негізінде сандық медиадан бастап гастрономияға дейінгі алты зертхана жұмыс істейді. 

«Университет іргетасы алғаш қаланған кезде салынған бұл екі пирамида ұзақ уақыт бойы өз миссиясын күтіп тұрды. Оларды ғылым, өнер және технологияны біріктіретін Өnergy сияқты жоба үшін пайдаланудан асқан не бар», — деп мәлімдеді NU Президенті Вакар Ахмад.

Жобаларды жаһандық мәнмәтінге интеграциялауға ерекше назар аударылған. Ашылу салтанатында Art & Tech зертханасы 61-ші Венеция биенналесіне (Biennale Arte) іріктелген суретші Ардақ Мұқанованың мультимедиялық инсталляциясын ұсынды. Ал Sound Lab зертханасында қазақ музыкасының «алтын қорын» әлемдік Spirio кітапханасы үшін Steinway & Sons-пен бірлесіп жазу жобасы басталды, осының арқасында Дала үні бүкіл әлемге қолжетімді болады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53