NU студенттеріне NVIDIA-ға қосылу мүмкіндігі ұсынылды

NVIDIA компаниясының жаhадық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жөніндегі вице-президенті Николо Капрез және Firebird.AI тең құрылтайшылары Nazarbayev University-ге келіп, студенттермен және университет басшылығымен кездесті. Сондай-ақ олар ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен жүздесіп, DeepTech Bäige стартап байқауының финалистерін құттықтады.

Сапар барысында делегация университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысты және негізгі стратегиялық бастамалар туралы мәлімет алды. Олардың қатарында математика ғылымдары мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталған жаңа Компьютерлік ғылымдары және жасанды интеллект (SCAI) мектебін құру жобасы бар. Провост Рехан Садик университеттің ISSAI институты әзірлеген өнімдер арқылы индустриямен әріптестікті кеңейтуді және инновацияларға басымдық бере отырып, Қазақстанның қалыптасып келе жатқан цифрлық экономикасының бір бөлігіне айналуды көздейтінін атап өтті.

Министр Саясат Нұрбек университеттің өңірдегі жетекші зерттеу орталықтарының бірі ретіндегі рөлін атап өтіп, өндіріс саласымен тығыз байланысқан экожүйе қалыптастырудың маңызын айтты.

«NU – Қазақстанның флагмандық университеті, мұнда іргелі ғылым жоғары деңгейде дамыған. Ендігі міндет – осы әлеуеттің нақты әсерін қамтамасыз ету: өнеркәсіпке, қоғамға және экономикалық өсімге ықпал ету. Біз “жақсыдан – үздікке” көшуге, яғни сапалық серпіліске ұмтыламыз. Осыған байланысты пәнаралық зерттеулерге басымдық беріп, түрлі бағыттағы үздік мамандарды біріктіріп, жобаларға нақты уақыт режимінде әсер етуге күш салып отырмыз», – деді министр.

Николо Капрез NU-дың NVIDIA DLI University Ambassador Program бағдарламасына қосылу бастамасын қолдап, әріптестікті дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Біздің мақсат – тек зерттеу жүргізу емес, оны нақты өнімдерге айналдыру. Мұнда ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндік бар деп ойлаймын. Университеттің студенттер мен индустриялық серіктестер үшін жасаған жағдайы әсер қалдырды. Бізде 45 мың қызметкер жұмыс істейді және компания қарқынды өсіп келеді. Мұнда өте мықты студенттерді көрдік, сондықтан оларды NVIDIA-ға жұмысқа шақырғымыз келеді. Студенттерді өтінім беруге ынталандыру маңызды», – деді ол.

Тараптар сондай-ақ NU жанынан құрылып жатқан ғылыми парк аумағында компанияның кеңсесін ашу мүмкіндігін және болашақ деректерді өңдеу орталығын дамытуға қатысу перспективаларын талқылады. Бұл жағдайда, әсіресе GPU негізіндегі инфрақұрылымға деген қажеттіліктің артуын ескере отырып, NVIDIA технологиялық тәжірибесіне сұраныс болуы мүмкін.

Сапар соңында NVIDIA делегациясы NU Өnergy Creative Hub алаңында өткен DeepTech Bäige стартап байқауының қатысушыларымен кездесті. Финалға өткен 11 студенттік жоба агроөнеркәсіп, тау-кен өндірісі, энергияны басқару және электр көліктерін қуаттау, дәрі-дәрмек әзірлеу, биомедициналық скрининг пен онкология, автономды дрондар, робот техникасы және аэроғарыш технологиялары сияқты бағыттарды қамтиды.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53