Nazarbayev University (NU) және Гонконгта орналасқан, «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдерге гуманитарлық-медициналық көмек көрсететін халықаралық коммерциялық емес ұйым GX Foundation өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойды.
GX Foundation делегациясын Гонконг қытайлық университеті медицина факультетінің профессоры және қордың атқарушы директоры доктор Emily Chan, сондай-ақ Қор төрағасы, Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесі ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Leung Chun Ying бастап келді. Қонақтарды NU президенті профессор Вакар Ахмад, вице-президент Қадиша Даирова, Медицина мектебінің деканының м.а. доктор Antonio Sarria-Santamera және университет басшылығының өкілдері жылы қарсы алды.
«GX Foundation қоғамдық денсаулық сақтау саласында зор жұмыс атқарып келеді — ғылыми зерттеулерден бастап, масалар арқылы тарайтын аурулар мен катарактадан туындайтын соқырлық сияқты мәселелерге бағытталған нақты жобаларға дейін. Бұған дейін қор Орталық Азия елдерінде жұмыс істемеген, сондықтан бұл келісім біздің өңірде де, одан тыс жерлерде де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», — деді NU президенті Вакар Ахмад кездесу барысында.
Меморандумға GX Foundation қордың атқарушы директоры сонымен қоса Оксфорд университеті мен өзге де беделді ғылыми орталықтардың шақырылған профессоры доктор Emily Chan және профессор Вакар Ахмад қол қойды. Қол қою рәсімі символдық мәні бар Сенат залында өтті — дәл осы жерде 2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын жариялаған болатын.
Ынтымақтастық кәсіби алмасуларды, бірлескен ғылыми жобаларды, семинарлар мен оқу бағдарламаларын өткізуді қамтиды. Сонымен қатар, келісім NU студенттеріне тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастырады. Университет GX Foundation-мен бірлесе отырып, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған пәнаралық зерттеулерді дамытуға ниетті.
Сапар соңында доктор Leung Chun Ying ашық дәріс өткізіп, ұйымның ғылым мен гуманитарлық бағыттағы қызметі туралы айтып берді. Оның айтуынша, GX Foundation жұмысының өзегі — адамгершілік пен өзара жәрдем идеясы.
Айта кету керек, NU НУ Цинхуа университеті, Пекин университеті және Гонконг ғылым және технология университетімен (HKUST), соның ішінде Азия университеттері альянсы (AUA) аясында серіктестік орнатты және үнемі дамытылып келеді.









