Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы отандық әйел-ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімін өткізді.
Атаулы іс-шараға отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысып.
Аталған марапатпен отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып жүрген, ғылыми әлеуеті жоғары әрі ғылымның түрлі бағыттарында елеулі нәтижелерге қол жеткізген 66 жетекші әйел-ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер салтанатты түрде марапатталды.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев шараның ашылуындағы сөйлеген сөзінде нәзік жандардың ғылым мен білім саласының дамуына қосып отырған үлесінің ерекше екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда ғылыми зерттеулермен айналысатын нәзік жандардың саны жыл сайын артып, ғылыми қызметкерлердің шамамен 56 пайызын құрап отырғанын (12 893) жеткізді. Олардың ішінде ғылым докторлары – 898, ғылым кандидаттары – 2 859, PhD докторлар – 2 229 және бейіні бойынша докторлар – 185. Бұл көрсеткіштер ғылым саласындағы жетістіктердің елеулі бөлігі әйел ғалымдардың еңбегімен байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін ғылымды басқару тәсілдерін жаңғырту, халықаралық ғылыми орталықтармен ықпалдастықты күшейту және әйел ғалымдарды жан-жақты қолдау қажеттігімен бөлісті. Осы бағыттағы маңызды қадам ретінде Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет көрнекті ғалым, алғашқы әйел-академик Найля Базанова атындағы марапатты тағайындағанын атап өтіп, биыл екінші рет еліміздің үздік әйел ғалымдары марапатталатынын сөзге тиек етті.
Марапатталғандардың тізімде NU үш өкілі бар: вице-провост Аида Сағынтаева жоғары білім беру мектебінің деканы, ассистент-профессор Дамира Қанаева және National Laboratory Astana аға ғылыми қызметкері Юлия Сафарова.
Бұл марапат еліміздің ғылыми қауымдастығында табысты еңбек етіп жүрген әйел ғалымдардың жетістіктерін мойындаудың және олардың ғылымды дамытудағы рөлін айқындаудың маңызды көрінісі болды.
Анықтама:
Академик Базанова Найля Оразғұлқызы – қазақстандық көрнекті ғалым, физиолог. Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик, биология ғылымының жаңа саласы — ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі.
Академик Н.Базанова атындағы марапат – Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан, жоғары ғылыми жетістіктерге жеткен, жаңалықтар ашқан немесе қолданбалы зерттеулер жүргізген ғалым әйелдерді марапаттауға арналған құрмет белгісі. Бұл марапат отандық ғылымдағы нәзік жандардың жетістіктерін мойындау, дәріптеу және жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында тағайындалған.

