Жапон делегациясы Назарбаев университетінің Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебіне келіп, тау-кен ісі және геология саласындағы білім беру бағдарламаларын және Жапон университеттерімен болашақ ғылыми-техникалық ынтымақтастықты талқылады.
Кездесу барысында JICA өкілі доктор Йошитака Хосои JICA-ның тау-кен өнеркәсібіндегі қызметі, жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы, сондай-ақ НУ Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебімен ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы айтып берді. Акита университетінің түлегі доктор Хосои тау-кен және экономика саласында тәжірибесі бар және Квинсленд университетінде экономика бойынша докторлық дәрежеге ие.
«Біз НУ-мен ынтымақтастық орнатпақпыз. Біз қазірдің өзінде НУ-дан бірнеше адамды және басқа қазақстандық университеттердің өкілдерін қабылдап, осы университеттер арқылы ынтымақтастық орнатқымыз келеді. JICA білім беру агенттігі емес, бірақ біз ынтымақтаса алатын университеттерді бір-біріне таныстырамыз», — деді доктор Хосой.
«Бізді магистратура мен докторантурада оқитын студенттеріміз үшін білім беру тренингтері мен интенсивтері қызықтырады. Мүмкін біздің студенттер JICA жобаларына қатысады немесе біз бірлескен жобаларды бастаймыз», — деді SMG қауымдастырылған профессоры Ираван Сонни.
JICA — Жапонияның Дамуға ресми көмек көрсету бағдарламасын басқаруға жауапты тәуелсіз агенттік. JICA дүние жүзіндегі дамушы елдерге екіжақты көмек негізінде техникалық ынтымақтастық, несие және гранттық көмек арқылы еңбек ресурстарын құруға, технологияларды тасымалдауға және инфрақұрылымды дамытуды ынталандыруға көмектеседі.
Бұл сапардан кейін қыркүйекте Назарбаев Университетінде симпозиум өтеді деп күтілуде. Іс-шарада Орталық Азия университеттері, жеке компаниялар және JICA өкілдері тау-кен, металлургия және энергетика салаларындағы ағымдағы жобалар мен технологияларды талқылайды.








