NU Times Higher Education подкастында
Times Higher Education (THE) Nazarbayev University (NU)-мен бірлесіп әзірлеген THE Connect подкастының жаңа эпизодын ұсынды. Бағдарлама қонағы – NU президенті Вакар Ахмад болды. Бағдарлама барысында THE-нің жаһандық байланыстар жөніндегі бас директоры Фил Бейти мен профессор Ахмад университеттің жаһандық рейтингтердегі жылдам өсімі, Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің дамуы және NU-дің болашаққа арналған ұзақмерзімді көзқарасы туралы әңгімелесті.
Профессор Ахмад Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап талантты жастарға инвестиция салғанын, олардың әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, көпшілігінің елге оралып, мемлекет дамуына үлес қосқанын атап өтті. Ол бұл стратегияның дамуы туралы айта келе былай деді:
«Уақыт өте келе жастарды шетелде оқытуға үздіксіз инвестиция сала беру жеткіліксіз екені анықталды. Елге халықаралық стандарттарға сай, бірақ жергілікті мәнге ие, осында — Қазақстанда құрылған әлемдік деңгейдегі университет қажет болды.»
Профессор Ахмад NU-ді «жылдам дамып келе жатқан университет» деп атап, оның қысқа мерзім ішінде қол жеткізген жетістіктері мен Қазақстанның білімге негізделген экономикаға көшуіндегі рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, университеттің басты ұстанымы айқын: жаһандық стандарттар және жергілікті өзектілік. Бұл оқыту сапасы, аккредитациялар, студенттік тәжірибе, түлектердің жетістіктері мен зерттеу нәтижелерінің сапасы бойынша әлемнің жетекші зерттеу университеттерінің деңгейіне сай болуды білдіреді.
Сондай-ақ ол NU-дің небәрі 15 жыл ішінде нөлден бастап халықаралық зерттеу орталығына айналғанын, бұл модельдің жаһандық үздік тәжірибелер мен Қазақстанның ұлттық басымдықтарын үйлестіретінін айтты. THE Connect подкасты әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктіріп, университеттердегі трансформация, стратегия және инновациялар туралы пікірталас алаңына айналып отыр.








