NU студенттері академиялық алмасу арқылы әлемді тануда.
Биыл Nazarbayev University-дің 60-тан астам студенті 12 елдің жетекші жоғары оқу орындарында бір семестр оқып қайтты. Олардың қатарында Канада, Германия, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия және Сингапур сияқты елдер бар. Бұл тәжірибе студенттерге әлемдік деңгейдегі білім алу мүмкіндігін ғана емес, сонымен бірге жаһандық азаматтық пен мәдениетке жаңа көзқарас сыйлады.
Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің студенті Аружан Мұбарак үшін Германиядағы Бремен университетінде өткізген семестр күтпеген академиялық мүмкіндіктер ашқан.
«NU-де жоқ пәндерді оқыдым, мысалы, Психикалық денсаулық саясаты мен Партиялық саясат және әлеуметтік өзгерістер», — дейді ол. «Сабақтарда мен Қазақстанның саяси ұстанымын және оның халықаралық қатынастардағы рөлін таныстырып, түрлі елдердің көзқарастарын тыңдадым».
«Еуразиялық зерттеулер» магистратурасының студенті Дильназ Тұрсынбекова 2025 жылдың көктемгі семестрін Германиядағы Тюбинген университетінде Erasmus+ бағдарламасы аясында өткізді. Оның айтуынша, бұл алмасу оның ғылыми жұмысына жаңа серпін берген.
«Мен өткен пәндер, мысалы Understanding Large Language Models және Data Science for Linguistics, менің диссертацияма тікелей көмектесті. Зерттеуім қазақ тілінде ChatGPT тиімділігін арттыруға арналған», — дейді ол. «Есептеуіш лингвистика саласындағы жетекші мамандардан оқу — ерекше әсерлі әрі шабыттандырғыш тәжірибе болды».
Басқа студенттер үшін мәдени ортаға ену де маңызды рөл атқарған. Экономика мамандығының студенті Әкерке Беркутова Түркиядағы Сабанджы университетінде өткен семестрін «өміріндегі ең өзгерістерге толы кезеңдердің бірі» деп сипаттайды.
«Оқудан тыс уақытта кампустың белсенді өміріне араластым: Cакура фестиваліне, Рамазан айындағы үлкен ауызашарға қатыстым, Назарбаев Университетін халықаралық көрмеде таныстырдым, мансап жәрмеңкесінде жетекші түрік компанияларымен таныстым. Сабанджы мұражайы мен Ыстамбұл археология мұражайын аралау арқылы өңір тарихының байлығын сезіндім».
Студенттердің айтуынша, академиялық алмасу бағдарламалары аудиторияда алған білім мен тәжірибені тереңдетеді. Олар дербестік, икемділік пен мәдениеттер арасындағы түсіністі қалыптастырып, достық және кәсіби байланыстардың іргетасын қалайды. тNU бүгінде 19 елдегі 50-ден астам серіктес университетпен ынтымақтастық желісін кеңейтіп келеді. Бұл — әлемді зерттеуге ұмтылған жастарға жаңа мүмкіндіктер есігін ашу. Ал елге оралған студенттер академиялық біліммен бірге жаһандық көзқарас пен NU қауымдастығын біріктіретін ортақ рухты да ала келеді.










