Nazarbayev University бакалавриат және магистратура бағдарламаларында білім алып жатқан бес студент 19-25 қаңтар аралығында Сеулде өткен AUA–SNU Youth Forum 2025: Тұрақты қалалар және көне мұра форумына қатысты. Форум Азиялық университеттер альянсы аясында ұйымдастырылған, оған Азиядағы 15 жетекші университет, соның ішінде NU кіреді.
Іс-шараның басты тақырыбы жедел урбанизация мен тарихи-мәдени мұраны сақтау арасындағы тепе-теңдікті іздеу болды. Негізгі кейс ретінде Сеул таңдалды — бұл қалада Чосон династиясының мұрасы мен заманауи экономикалық дамудың үйлесімділігін көруге болады.
Форум барысында студенттер мықты сарапшылардың дәрістерін тыңдап, арнайы сессияларға қатысып, бірлескен жобаларды жүзеге асырды. Бұл оларға Корея Республикасының жедел урбанизация тәжірибесін Қазақстандағы тұрақты даму стратегияларын әзірлеуде қолдану мүмкіндіктерін зерттеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар форум қатысушылары Сеулдің негізгі нысандарын аралап, урбанизация мен мәдени мұраның үйлесімді симбиозын тамашалады. Студенттерге Seoul TOPIS көлік жүйесі ерекше әсер қалдырды. Олар Сеулдің цифрлық транспорттық шешімдерін Астана мен Алматы сияқты қалаларда қолдану мүмкіндіктерін талқылады, бұл жолдағы кептелісті азайтуға және қалалық ортаның экологиялық тұрақтылығын арттыруға септігін тигізбек.
«Тәжірибелі профессорлардан сабақ алу өте бағалы болды. Әсіресе, бүкіл елдің көлік желісін басқаратын Оңтүстік Кореяның TOPIS жүйесі қатты әсер етті. Бұл мысал Қазақстан қалаларын дамыту үшін жақсы үлгі бола алады», — деді Білім берудегі көшбасшылық бағдарламасының 2-курс магистранты Асқарова Аяжан.
Әлемдік тілдер, әдебиет және мәдениет бағдарламасының 2-курс студенті Дина Қайратқызы форум тек академиялық құндылық қана емес, Азиядағы жетекші университеттердің студенттерімен байланыс орнатуға, олардың мәдениеті және тілдерімен танысуға ерекше мүмкіндік бергенін атап өтті.
Nazarbayev University студенттерде инновациялық және практикалық ойлауды дамытуға, осылайша Қазақстанға білікті кадрлар даярлауға ұмтылады. Осы мақсатта университет әлемнің жетекші оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық жүргізеді.








