Қауымдастырылған профессор Прашант Джамвалдың «Оңалту мақсатында қолданылатын роботтар» курсын оқу барысында Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі, сондай-ақ Медицина мектебінің білім алушылары бірігіп, ауруханаларда оңалту мақсатында қолданылатын роботтардың функционалды прототиптерін құрастырып шықты. Қорытынды жобаларды таныстыру шарасына «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, «Jas Ventures» ЖШС өкілдері және «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы» КЕАҚ дәрігерлері шақырылды.
Профессордың айтуынша, қазіргі кезде аталған ұйымдармен студенттердің жобаларын қаржыландыру жөнінде келіссөз жүріп жатыр.
«Семестрдің басында студенттерге бес жоба беріліп, курс бойы сол жобалармен жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде оңалту мақсатында қолданылатын роботтардың бес прототипі жасалды, оларды әрі қарай дамыту және коммерцияландыру әлеуеті зор екені сөзсіз. Қазіргі кезде біз QazInnovations және Jas Ventures ұйымдарымен осы жобаларды қаржылық қолдау жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз», — деді ол.
Жобаларды таныстыру кезінде Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің соңғы курс студенттері мен Медицина мектебінің спорттық медицина және оңалту саласындағы магистранттары өздері қолданған инновациялық әдістер мен жалпы жобаның кәсіпкерлік әлеуетіне тоқталды. Бұл шараның негізгі мақсаты түрлі ұйымдарды стартап бастамаларды қолдауға шақыру, сондай-ақ білім алушыларды Қазақстандағы медицина құралдарын өндіру саласындағы мүмкіндіктермен таныстыру болды.
Айта кету керек, аталған курс барысында роботтардың механикасы, адамдардың биологиялық механикасы, құрастыру және өндіріс процестері және т.б. оқытылды. Сонымен қатар студенттер оңалту мақсатында қолданылатын роботтарды құрастыру үшін Solidworks және Fusion бағдарламаларын меңгерді.








