NU профессорлары Қазақстан Республикасы Президенті қолынан мемлекеттік награда алды

Ақордада Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ғылыми қоғамдастықтың көрнекті өкілдеріне мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

NU вице-президенті Дархан Біләлов пен профессорлары Жұмабай Бәкенов пен Сұраған Дөрбетханның отандық ғылымның дамуына қосқан елеулі үлесі атап өтілді.

Профессор Жұмабай Бәкенов «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» төсбелгісін алды, бұл награда бірінші рет табысталып отыр. Ғалым ішкі нарықты және өнімді халықаралық нарыққа экспорттауды қамтамасыз ету мақсатында отандық шикізат негізінде литий-ионды аккумуляторларға арналған катодты материалдар прекурсорларының пилоттық өндірісімен айналысады. Бұның Қазақстанда литий-ионды аккумуляторлар үшін жоғары технологиялық материалдар өндірісін дамытуда стратегиялық маңызы бар.

NU вице-президенті Дархан Біләлов пен профессоры Сұраған Дөрбетхан «Құрмет» орденін алды. Қасым-Жомарт Тоқаев жас академиктің еңбегін ерекше атап өтті. Оның математикалық физика саласындағы ғылыми зерттеулері криптография және мәліметтерді қорғау жүйесінде сәтті қолданылып жатыр. Президент цифрландыру дәуірінде мұны өте маңызды жетістік ретінде бағалап, бұл қазақ ғылымының әлеуеті жоғары екенін көрсеткенін айтты.

Ғалымдарымызды осындай жетістіктерімен құттықтап, әрі қарай ғылыми және академиялық қызметте алар асулары көп болуын тілейміз!

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53