Nazarbayev University-де Мансап және кәсіби бағдар беру орталығының ұйымдастыруымен төртінші рет ауқымды NU Job Fair 2026 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Биылғы іс-шара 120-ға жуық қазақстандық және халықаралық компаниялардың басын қосып, студенттер мен түлектерді жетекші жұмыс берушілермен байланыстыратын негізгі алаңға айналды.
Nazarbayev University Президенті профессор Вакар Ахмад іс-шараның стратегиялық маңыздылығын атап өтті: «Жәрмеңке ұлттық және жаһандық экономика үшін кадрлар даярлау жөніндегі университет миссиясын жүзеге асырудың негізгі құралы болып табылады. Бұл жай ғана жұмыс іздеу алаңы емес, студенттер мен түлектердің әлеуетін ашуға бағытталған карьералық мүмкіндіктер платформасы». Сонымен қатар, ол қазіргі заманғы карьера құрудың басты қағидасымен бөлісіп, студенттерге: «Мамандығыңыз сізге шектеу қоюына жол бермеңіз», — деп кеңес берді.
Қатысушы компаниялардың 70%-ға жуығы IT, инженерия, энергетика және өндіріс секторларын қамтитын STEM бағыттарын ұсынды. Дегенмен, жұмыс берушілер түрлі мамандықтар бойынша бітірушілерге кең ауқымды позициялар ұсынды. Жәрмеңке барысында студенттер бизнес өкілдерімен тікелей байланысқа түсіп, экспресс-сұхбаттардан өтті, кәсіби кері байланыс алып, іскерлік байланыстар орнатты.
Іс-шара индустрия тарапынан университет таланттарына деген жоғары сұранысты тағы бір мәрте дәлелдеді. Статистикаға сәйкес, NU түлектерінің 98%-ы алғашқы жылы-ақ жұмысқа сәтті орналасып, Қазақстанда және шетелде өз мансабын құрады.
Бүгінде саны 12 000-нан асатын түлектер қауымдастығының рөліне ерекше назар аударылды. Олардың көпшілігі жәрмеңкеге жұмыс беруші ретінде оралып, жаңа кадрларды жұмысқа қабылдады. Бұл сабақтастық пен бизнестің NU білім беру сапасына деген жоғары сенімін көрсетеді.
«Nazarbayev University өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, экономика мен қоғам дамуының қозғаушы күші бола алатын мамандарды даярлайды», — деп қорытындылады Вакар Ахмад.



















