Осымен оныншы мәрте өткізілген «Наноматериалдар мен озық энергия сақтау жүйелері» атты халықаралық конференцияға Наньян технологиялық университеті (Сингапур), Джорджия технологиялық институты (АҚШ), Токио Метрополитен университеті (Жапония), Мәскеу мемлекеттік университеті (Ресей), Орал федералдық университеті (Ресей), Ұлттық Тайвань университеті және басқа да халықаралық университеттерден 160-қа жуық ғалым қатысты.
Бұл жолы басқосуда Сингапур, Жапония, Корея, АҚШ, Ресей, Тайвань, Швейцария, Түркия және Қазақстан ғалымдары өз диссертацияларын ұсынды. Ғалымдар материалтану, нанотехнология, экология, жаңартылатын энергия көздері және энергияны сақтау жүйелерінің болашағы мен проблемаларын талқылады.
Конференция Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мақсатты бағдарламасының қолдауымен, сонымен қатар Interactive corp, Hohsen Corp, LinkMaster, E-Globaledge Corporation, G&G Instruments, DistriTech, AME Energy, LaborPharma, Interzero, Angstrom, IDB Engineering және NOVATEST компанияларының демеушілігімен өтті.
INESS конференциясы Назарбаев Университетінде 2013 жылдан бері NU SEDS профессоры Жұмабай Бәкеновтің бастамасымен өткізіліп келеді. Жұмабай Бәкеновтің аккумуляторлардың перспективалық түрлерін жасау тобында 70-тен астам зерттеушілер бар және ол НУ-дағы ең ірі зерттеу тобы болып саналады.
Толық ақпаратты INESS веб-сайтынан таба аласыз: www.iness.kz.








