20-22 мамыр күндері Назарбаев Университетінің Түркітану және Қазақ тілі департментінің Түркиядағы Эге Университетімен бірлесе отырып және де Халықаралық Түркі Академиясының қолдауымен ІІ Халықаралық Ономастикалық Симпозиумы өтті.
Аталмыш іс-шара әлемнің 14 елінен 72 қызықты әрі өзекті жұмыстарды қабылдап, 80 жуық ономастика саласының мамандарының басын біріктірді. Симпозиумның ашылу салтанатында Халықаралық Түркі Академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Назарбаев Университетінің вице-президенті Хадиша Даирова, Эге Университетінің Түркі әлемін зерттеу институтының басшысы Надим Мажит сөз бастады.
Симпозиумда ономастика саласының алуан тақырыптары қозғалды. Қатысушылар топонимика, ойконимдер мен оронимдер, гидронимдер мен хоронимдер секілді тақырыптарды қозғап, ономастика саласының қазіргі таңда әдебиет пен ғылым салаларындағы қолданысын талқыға салды. Симпозиум қатысушылары мен ономасттар көтерілген мәселелер бойынша қызу талқылау жүргізіп, ономастика саласына жаңа серпін беретін тың идеяларды ұсынды.
Іс-шараның жабылу салтанатында симпозиум төрағасы Жазира Ағабекқызы 3 күнге созылған симпозиумды қорытындылай келе, келесідей шешімдерді ұсынды: түркі ономастикасын жан-жақты зерттеу,ғалымдардың өзара бірігіп түркілік ономастикалық мектеп қалыптастырумақсатында ғылыми үйлестіруші орталық құру; бүкіл түркі әлемінің ономастикалық материалдарын сандық ортаға жинау; ономастикалық ғылыми зерттеулерді үнемі жариялап отыру үшін «Түркі ономастикасы» журналын мүмкіндігінше тезірек шығару.
Симпозиумға қатысушы ғалымдардың саласы өте кең болғандықтан, әр кездесуде белгілі бір мәселені шешу маңызды болады деген пікір білдірілді. Келтірілген пікірлерді негізге ала отырып, келесі отырыстың тақырыбы — «Oртақ мұра» саласында болады.
Келесі жылы жиналысты Эгей университеті ұйымдастырған Түркияның Измир қаласында офлайн өткізу туралы шешім қабылданды. Симпозиумның тең төрағасы Ибрахим Шахин мырза өз кезегінде осы симпозиумды ұйымдастырған Назарбаев Университетінің ұжымына, барлық ұйымдастыру алқасына алғысын білдіріп, симпозиум жоғары деңгейде өткенін ерекше түрде атап өтті.








