Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері сан алуан саланы қамтығандықтан түркі ғылыми қауымы үшін өте құнды. Ол тарихта түркітанушы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, Алаш қозғалысының рухани көшбасшысы ретінде белгілі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің құттықтау сөзінде: «Тіл білімінің, әдебиеттанудың және оқыту әдістемесінің бастапқы мазмұны Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде. Оның сол еңбектердегі ғылыми тұжырымдары мен қорытындылары әлі күнге дейін оқыту үдерісінде де, ғылыми бағытта да кеңінен қолданылуда. Қазіргі кезде әліпби түзуде, терминжасамда немесе тіл үйрету үдерісінде біз оның еңбектеріне соқпай кете алмаймыз. Өйткені ол негіздердің негізін жасаған аса көрнекті оқымысты, ағартушы ғалым», — деп атап өтті.
Конференция аясында Халықаралық Түркі академиясы дайындаған «Түркістан – Түрік елі энциклопедиялары», «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары», «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан, Әзірбайжан және Қырғызстанның ғылым және жоғары білім министрлері Назарбаев Университетінің бірқатар зертханаларымен және Ақылды Жүйелер мен Жасанды Интеллект Институтының (ISSAI) жобаларымен танысты. Институт ғалымдары тілді тану және мәтінді сөзге түрлендіру технологиясын әзірледі. Бұл технология «Қазақ тілінде сөйлеу корпусы» және «Қазақ тілінде сөйлеуді тану» сияқты жобаларда қолданылған. Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек цифрландыру мен қазақ тілін дамытудағы жобалардың маңыздылығын атап өтті. Қазір ғалымдар түркі тілдерін танудың біртұтас жүйесін жасауда.








