Nazarbayev University-дің STEM бағытындағы бакалавриаттың жеті білім беру бағдарламасы халықаралық ABET аккредитациясынан өтті. Бұл аккредитация бағдарламалардың халықаралық сапа талаптарына сәйкестігін растап, NU-да берілетін білімнің халықаралық деңгейде танылуын күшейтеді.
Аккредитациядан Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебінің, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің, Инженерия мектебінің және Медицина мектебінің төменде көрсетілген білім беру бағдарламалары ABET-тің тиісті аккредиттеу комиссиялары тарапынан бағаланды.
ABET-тің есептеу ғылымдары саласындағы бағдарламаларды аккредиттеу комиссиясы:
- Компьютерлік ғылымдар бакалавры.
ABET-тің қолданбалы және жаратылыстану ғылымдары саласындағы бағдарламаларды аккредиттеу комиссиясы:
- Математика ғылымдарының бакалавры;
- Химия ғылымдарының бакалавры;
- Физика ғылымдарының бакалавры;
- Биология ғылымдары саласындағы ғылым бакалавры.
ABET-тің инженерлік бағдарламаларды аккредиттеу комиссиясы:
- Мұнай-газ ісі саласындағы ғылым бакалавры;
- Электротехника және компьютерлік инженерия бакалавры.
Жеті бағдарламаның аккредитациядан өтуі NU оқытушылары мен қызметкерлерінің, студенттерінің, университет басшылығының және аккредитация үдерісіне жауапты команданың көп жылғы бірлескен жұмысының нәтижесі болды.
«Бұл жетістіктердің барлығы оқытушыларымыздың, студенттеріміз бен қызметкерлеріміздің кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығын, сондай-ақ оқыту, білім алу және ғылыми зерттеулердегі жоғары нәтижеге ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар аккредитация үдерістеріне белсенді қатысқан студенттерімізге алғысымды білдіргім келеді», – деді NU президенті, профессор Вакар Ахмад.
ABET – техникалық және инженерлік бағыттардағы білім беру бағдарламаларының сапасын бағалайтын халықаралық коммерциялық емес ұйым. Оның аккредитациясы білім беру бағдарламасының оқу нәтижелеріне, оқу жоспарына, профессор-оқытушылар құрамына, инфрақұрылымға және университет тарапынан көрсетілетін қолдауға қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растайды.
ABET аккредитациясы тәуелсіз сараптамалық бағалауға негізделген. Бағдарламаларды академиялық орта, өнеркәсіп және мемлекеттік ұйымдар өкілдерінен құралған мамандар бағалайды. Аккредитация талаптарын ABET-ке мүше ұйымдардың техникалық мамандары әзірлейді. Бұл талаптар студенттердің оқу нәтижелері мен білім алу тәжірибесіне басымдық береді.
«Академиялық қауымдастығымыздың тұрақты дамып келе жатқанына және NU-дың халықаралық деңгейдегі ең жоғары стандарттарға сай танымалдығының артып отырғанына мақтанамыз», – деді NU провосты Рехан Садик.
NU студенттері мен түлектері үшін ABET аккредитациясы білім сапасының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар ол түлектердің кәсіби және академиялық ұтқырлығына ықпал етіп, халықаралық еңбек нарығына шығу кезінде олардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Университет үшін бұл аккредитация жоғары академиялық стандарттарға деген ұстанымын және білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған жұмысын растайды.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ABET 41 ел мен аумақтағы 930 колледж бен университеттің 4 773 білім беру бағдарламасын аккредиттеген.








