NU-дың табысты стартаперлері Вашингтонда Мемлекет басшысымен кездесті

Вашингтонға (АҚШ) жасаған сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық нарыққа шығып жатқан қазақстандық IT-стартаптардың негізін қалаушыларымен кездесті.

Олардың арасында Кремний алқабында өз жобаларын дамытып жүрген Nazarbayev University профессорлары мен түлектері де бар.

NU Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің ассистент-профессоры Нұрсұлтан Қабылқас — texer.ai стартапының теңқұрушысы. Компания аппараттық қамтамасыз етуді тексеру және электрондық жобалауды автоматтандыру құралдарын әзірлеумен айналысады. Биыл ол сондай-ақ Қазақстанның энергетика саласына арналған алғашқы отандық микрочипті таныстырды.

Серік Смағұлов — денсаулық сақтау саласындағы World Medical Concierge стартапының теңқұрушысы, жоба Стэнфордтың StartX акселераторынан өткен. Шерхан Сауыртаев  білім беру саласындағы Artisan Education стартабының теңқұрушысы, ол STEM бағытын оқытуды барынша қолжетімді етеді. Ал Азат Сүлейменов Investbanq компаниясында кеңесші қызметін атқарады, стартап WealthTech саласындағы стартап байлықты басқаруға арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеумен айналысады.

Ерсұлтан Сапар — Perceptis AI стартабының теңқұрушысы және техникалық директоры. Жоба консалтингтік және кәсіби қызметтерді автоматтандыруға бағытталған. Әнуар Жақсылық — QazTWIN компаниясының теңқұрушысы, ол — өндірістік нысандардың, зауыттардың, инфрақұрылым мен энергетикалық жүйелердің цифрлық егізін әзірлейтін платформа.

Аталған стартаптардың барлығы — Astana Hub және Silkroad Innovation Hub резиденттері. Өз кезегінде Silkroad Innovation Hub-тың теңқұрушысы әрі бас директоры Әсет Әбдуәлиев қазақстандық стартаптардың жаһандық жетістіктерін таныстырды.

Мемлекет басшысы жоғары технология саласындағы отандық компаниялардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53