NU-дың 16 ғалымы ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін сыйлықтар мен стипендияларға ие болды

Алматыда ғылым мен жоғары білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан өкілдерді марапаттау рәсімі өтті. «Үздік ғылыми қызметкер» және «ЖОО-ның үздік оқытушысы» конкурстарының жеңімпаздарына медальдар, арнайы сыйлықтар, ғылыми стипендиялар мен дипломдарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев және Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова салтанатты түрде табыстады.

NU ғалымдары да ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Ш. Уәлиханов және Д. Қонаев атындағы мемлекеттік сыйлықтарға ие болды. Марапат Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің қауымдастырылған профессоры Дина Шарипова мен Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Жанат Қаппасовқа берілді.

Дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендия Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Алмагүл Ментбаеваға, осы мектептің постдокторанты Азамат Ешмұхаметовке, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің постдокторанты Берікбол Дукеевке, сондай-ақ NU жанындағы National Laboratory Astana зерттеушілері Шолпан Асқарова, Олзат Тоқтарбайұлы, Алия Мұқанова және Мунзия Абуталипке тағайындалды.

Тағы сегіз NU ғалымы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығының лауреаты атанды. Олардың қатарында Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Айшуақ Конаров, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Ардақ Қашқынбаев, Негізгі зерттеу орталықтары және жоғары өнімді есептеулер басқармасының ғылыми қызметкері Александр Арбуз, сондай-ақ NU жанындағы National Laboratory Astana-ның жетекші ғылыми қызметкерлері Аяулым Белгібаева, Батухан Татықаев, Бауыржан Ұмбаев, Даурен Ережепов және Олзат Тоқтарбайұлы бар.

Ғалымдарымызды лайықты марапаттарымен құттықтай отырып, Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз және жаңа серпінді зерттеулер мен ғылыми жетістіктер тілейміз!

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53